Цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу Қазақстанның даму жолындағы маңызды бағыттар саналады. Олар бүгінде ұлттың тиісті деңгейде дамуын қамтамасыз етіп, оны ертең шынайы бәсекеге қабілетті қылады. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Түркістан» газетіне жарияланған өзінің «Реформалардың мәні: Қуатты өңірлер – қуатты ұлт» атты мақаласында осындай пікір білдірді.
Сенат Төрағасы қазіргі цифрландыру процестері цифрлық теңсіздікті жоюға, цифрлық технологияларды күнделікті өмірге және экономикаға енгізуге басымдық беріп отырғанын айтқан.
«Цифрландырудың «екінші толқыны» назарды мемлекеттік қызметтердің салыстырмалы тар сегментінен цифрлық теңсіздікті еңсеруге, цифрлық технологияларды күнделікті өмір мен экономикаға интеграциялауға аударды. Алайда, шағын қалаларда, қала маңында және ауылдарда қолжетімділік арналары әбден ескірген. Мұнда негізінен ADSL технологиясы, яғни «мыс» телефон арналары арқылы 10 Мбит/сек жылдамдықпен беріледі. Кең жолақты оптикалық-талшықты қосылуды қамтамасыз ету ауылдық жерлерде небәрі 18 пайыз, шағын қалаларда – 28 пайыз, ал, ірі қалаларда 44 пайызды құрайды. Бұл ретте Қазақстан аумағы бойынша шашыраңқы орналасқан ауылдық елді мекендер байланыс операторлары үшін экономикалық жағынан тартымды емес. Мұндай жағдайда кез келген елді мекендерден тыс жерлердегі ауылшаруашылық кәсіпорындарын немесе айдаладағы трассалар бойын интернетпен қамту туралы айтпаса да болады», – делінген мақалада.
Мәулен Әшімбаев «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы цифрлық алшақтыққа жүйелі жауап болғанын атап өткен. Аталған жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2023 жылғы қазанда қабылданды. Оның мақсаты – 2027 жылға қарай барлық елді мекеннің жылдамдығы кем дегенде 100 Мбит/с болатын интернетке қол жеткізуін қамтамасыз ету.
«Үш мыңнан астам ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы 400 мың үй шаруашылығына жоғары жылдамдықты интернет жеткізілетін болды. Шалғайлығына немесе географиялық қиындығына қарай сымды интернетке қосу мүмкіндігі жоқ 500-ден астам ауылда ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстары пайдаланылады. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – Қазақстанның болашағына салынған стратегиялық инвестиция. Оны табысты іске асыру шикізаттық экономикадан адами капиталға негізделген экономикаға көшуді жылдамдатады. Ол өмір сүру деңгейіндегі теңгерімсіздік мәселесін шешіп қана қоймай, алдағы онжылдықтарда өңірлердің орнықты дамуы, әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық бәсекеге қабілеттілігі үшін негіз болады», – деп жазған Мәулен Әшімбаев.