Табақ тарта алмайтын ерлерге арналған шеберлік сағаты

Фото: ЖИ

Астанада алғаш рет ет жіліктеуді және табақ тартуды үйрететін шеберлік сағаты өтеді. Life09 ақпарат агенттігінің тілшісі сабақ туралы ұйымдастырушыдан сұрап білді.

28 қарашада өтетін бұл шеберлік сағатының құны — 25 мың теңге. Сабақ барысында қатысушыларға табақ тарту, ет бөлу, жіліктеу әдістері үйретіледі. Арнайы қой сойылып, оның еті қатысушыларға таратылмақ. Ұйымдастырушы Бауыржан Сманның айтуынша, бұл шеберлік сағатын өткізудегі басты мақсат — ұлттық дәстүрді ұмыт қалдырмау.

«Менің мақсатым — табақ тарту мен ет жіліктеудің жөн-жосығын үйрету. Қазір көптеген жас жігіттер бұл дүниені біле бермейді. Мал сою, оны адал жолмен сою, табақ тартудың әдебі — ұлттың мәдениеті. Барлығы қасапшы болсын демеймін, бірақ әр азамат осыны білуі керек», — дейді Бауыржан Қабдырахманұлы.

.

Бауыржан бұл шеберлік сағатын алғаш рет ұйымдастырып отыр. Болашақта қызығушылық танытқан азаматтарға цехында тәжірибе өткізу де жоспарында бар.

«Сабаққа кез келген адам қатыса алады. Пышақ түрлерін таныстырамын, етті қалай дұрыс турау керектігін де үйретемін. Қолымнан келгенше бар білгенімді жеткізгім келеді. Әр үйде табақ тарта алатын бір жігіт болуы керек деп ойлаймын», — дейді ол.

Табақ тартуды үйренгіңіз келсе, қай табаққа қандай мүшенің салынғаны жөн екенін білгіңіз келсе, бұл шеберлік сағаты — ұлттық дәстүрді тереңірек танып, өзіңізді жаңа қырынан дамытудың оңтайлы жолы.
 

Автор: Ақсая Жалғас