«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста»: Қарағандыда облыстық байқау жеңімпаздары анықталды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан

Қарағандыда ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет және қоғам қайраткерлері, журналистер, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысты.

.

Байқаудың қалалық және аудандық кезеңдеріне жалпы екі мыңға жуық қатысушы өтінім беріп, олардың ішінен 57 үздік үміткер облыстық кезеңге жолдама алған. Жас таланттар Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран, Абай қалаларынан, сондай-ақ Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Қарқаралы және Шет аудандарынан жиналды.

.

Байқау төрт номинация бойынша ұйымдастырылды.
«Көркемсөз шебері» номинациясында 5–8 және 9–11 сынып оқушылары Абай өлеңдерін жатқа оқып, көркем жеткізді.
«Даналық үні – қара сөз» аталымында қатысушылар Абайдың қара сөздерін мәнерлеп айтып, мазмұнын талдап берді.
«Абай әлемі – сурет тілімен» номинациясында жас суретшілер ақын шығармашылығын бейнелеуге тырысты.
Ал ЖОО студенттері «Ақыл, қайрат, жүрек – бүгінгі жасқа бағыт» номинациясында эссе жазудан бақ сынады.

.

Қатысушылардың шығармашылық қабілеті мен талғамы қазылар тарапынан жоғары бағаланып, үздіктер анықталды. Іс-шара соңында жеңімпаздарға дипломдар, алғыс хаттар және сыйлық сертификаттары табысталды.