Қарағанды облысының ауылдарынан шамамен 300 оқушы республикалық пәндік олимпиадаға қатысу құқығын алды

Фото: Life09

Қарағанды облысында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жеңіске жеткендер марапатталды. Жарысқа жеті ауданнан шамамен 700 оқушы қатысты. 288 мектеп оқушысы жүлдегер атанып, республикалық кезеңге қатысу құқығын алды.

 

Олимпиада Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің бастамасы бойынша үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді және ауылдық жерлердегі талантты оқушыларды анықтауға және қолдауға бағытталған. 

 

Бұл байқау шалғай елді мекендердегі балаларға жаңа мүмкіндіктер ашады және оларды халықаралық жарыстарға қатысуға ынталандырады. 

 

Олимпиадаға тек ауылдық мәртебесі бар мектептер қатысады, бұл өз кезегінде тең жағдай жасап, білімді неғұрлым объективті әрі ашық бағалауға мүмкіндік береді. 

 

Зияткерлік сайыстың үздік қатысушылары республикалық деңгейге өтеді, ал финал жүлдегерлері ұлттық құраманың қатарына еніп, Қазақстанды халықаралық олимпиадаларда таныта алады.

 

Командалық есептің жеңімпаздарын және арнайы номинациялардың лауреаттарын облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей марапаттады. Жаратылыстану-математика бағыты бойынша бірінші орынды Абай ауданы, екінші орынды — Шет ауданы, үшінші орынды — Қарқаралы ауданы жеңіп алды. Гуманитарлық бағытта да жеңімпаз Абай ауданы болды, екінші орынды — Ақтоғай ауданы, үшінші орынды — Осакаров ауданы иеленді.

 

«Үздік жетекші» номинациясы бойынша төрт жүлдегер дайындаған педагогтар атап өтілді.

 

Олар:

– Гүлдана Шаханова (биология, Абай ауданының Абай атындағы тірек мектебі (ресурстық орталық));

– Рахат Келдиярова (тарих, Шет ауданының Ю. Гагарин атындағы мектеп-лицейі);

– Аманжол Жекебай (физика, Шет ауданының Ю. Гагарин атындағы мектеп-лицейі).

 

Оларға 500 000 теңге көлемінде сертификаттар табысталды.

 

Сонымен қатар «Үздік ауыл мектебі» номинациясының жеңімпаздары марапатталды. Оларға заманауи IT-кабинеттерді жабдықтау үшін 20 миллион теңге көлеміндегі сертификаттар берілді.

I орын — Абай ауданының Б. Момышұлы атындағы тірек мектебі (ресурстық орталық);

II орын — Шет ауданының Ы. Алтынсарин атындағы тірек мектебінің жанындағы интернат (ресурстық орталық);

III орын — Абай ауданының П. Корниенко атындағы орта мектебі;

III орын — Нұра ауданының М. Жұмабаев атындағы орта мектебі.

Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі