Биыл өңірде жалпы ұзындығы 637 шақырым автожол жаңартылды. Облыстық маңыздағы үш ірі жоба толық аяқталды: Нұра – Осакаровка бағытындағы 20 шақырым (Осакаровкадан Қоянды ауылына бұрылысына дейін), Жартас – Долинка бағытындағы 21 шақырым және Үштөбе – Құрылыс арасындағы 9 шақырым жол. Жөндеу жұмысы барысында жолдың астыңғы қабаты нығайтылды.
Ал, орташа жөндеу жұмыстары облыстық маңыздағы алты учаскеде, жалпы 60 шақырым жолда жүргізілді. Оның ішінде Керней – Семізбұғы, Қарағанды – Доскей, Осакаровка – Жастар және Нұра – Шахтерское бағыттары бар.
Биыл екі жылдық жобалар аясында Сәкен Сейфуллин – Ақсу-Аюлы бағытындағы 26 шақырым жолда және Қарағанды – Жезқазған трассасынан Шахтинск қаласына дейінгі 24 шақырымдық учаскеде жұмыстар басталды. Жаз, күз айларында жұмыстың биылғы бөлігі орындалып, қалғаны келесі жылы аяқталады. Барлық учаскеде екі қабат асфальт төселіп, жолдың ұзақ мерзімге шыдамдылығын арттырады және ауыр көлік қозғалысына төтеп беруге мүмкіндік береді.
Ауылдық жерлерде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 21 елді мекенде жалпы ұзындығы 84 шақырым ауылішілік жолдар жөнделді.
Республикалық маңыздағы Қарағанды – Балқаш автожолының реконструкциясы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Енді абаттандыру, инженерлік желілер тарту жұмыстары жүргізілуде. 20 учаскеге LED-экрандар мен 10 жол белгісі орнатылды. Автоматтандырылған өлшеу және қозғалысты бақылау жүйелерін орнату аяқталуға жақын. Сонымен қатар, 18 демалыс аймағы салынып, төрт санитарлық-гигиеналық нысан пайдалануға берілді. Биыл республикалық маңыздағы 245 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Барлық жұмыстар толық көлемде аяқталды.
Жаңа жобаларға тоқталсақ, Saran индустриялық аймағын және жалпы Қарағанды өңірін дамыту мақсатында Қарағанды – Астана трассасына шығатын жолды реконструкциялауға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар Дубовка ауылынан Саран қаласына дейінгі 6 шақырым жолды қайта жаңарту жобасы дайындалып жатыр. Оны 2026 жылы бастау жоспарлануда. Бұдан бөлек, Қарағанды – Шахтинск автожолындағы Шерубай-Нұра өзені үстінен өтетін көпірді қайта салуға арналған жобалық құжат дайындалып, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде. 2026 жылы республикалық маңыздағы алты жол учаскесіне орташа жөндеу жүргізу және Ақшатау – Ағадыр – Ортау бағытындағы 95 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Жол құрылысы сапасын және пайдаланылатын материалдардың сәйкестігін Ұлттық жол активтері сапасы орталығымен бірлесе сараптап, теріс қорытынды болған жағдайда нысандарды пайдалануға қабылдауға жол берілмейді.