Қарағанды облысы: энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жыл қорытындылары

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Жыл қорытындысы бойынша 15,9 шақырым магистральдық жылу желілері жаңғыртылып, тозу деңгейі 64,3 пайыздан 60,3 пайызға дейін төмендеді. Қарағанды қаласында ұзындығы 22 шақырым болатын үшінші жылу магистралі пайдалануға беріліп, 21 мыңнан астам пәтер тұрақты жылумен қамтылды. Бұл — өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.

Жылумен қамту

Энергетика нысандарында да ауқымды жұмыстар атқарылды. «Топар» ГРЭС-інде №3 турбина толықтай ауыстырылды. Теміртаудағы «Qarmet» АҚ-ның ЖЭО-2 нысанында жаңа №7 қазандық агрегаты орнатылды. Ал Қарағанды ЖЭО-3-те қуаттылықты арттыруға бағытталған жұмыстар басталды.

Электр энергетикасы

Өңірде 171 шақырым электр желісі қайта жаңғыртылып, жөндеуден өтті. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 68,6 пайыздан 68,3 пайызға дейін төмендеді. Қайта жаңғыртылатын энергия көздері де өз үлесін қосты: бір жыл ішінде 514,5 млн кВт·сағ электр энергиясы өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға артық.

Газдандыру

Газбен қамту бағытында 6902 тұрғын үй көгілдір отынға қосылды. Оның ішінде Қарағанды қаласында — 4723 үй, Теміртауда — 2179 үй газ желісіне қосылған. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен газдандыруға арналған пайызсыз несиелер беріліп, 513 отбасы қаржылай қолдауға ие болды.

Сумен жабдықтау

Су инфрақұрылымын дамыту аясында қалаларда 104 шақырым, ал 12 ауылда 45 шақырым су құбыры желілері салынды. Бұдан бөлек, 91 шақырым су желісі қайта жаңғыртылды. Ауызсудың сапасын арттыру мақсатында 45 ауылда кешенді блок-модульді тазарту қондырғылары орнатылды.

Қалдықтар және экология

Қатты тұрмыстық қалдықтармен күрес те күн тәртібінен түскен жоқ. Жыл ішінде 120 мың тонна қоқыс шығарылып, 500-ден астам рұқсатсыз қоқыс орны жойылды.

Тұрғын үй қоры мен қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту аясында:

- 215 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатыры жөнделді;

- 45 субұрқақ қалпына келтірілді;

- 441 тарихи-мәдени ескерткіште жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Атқарылған жұмыстар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі шаралардың нәтижесін көрсетеді.

Дереккөз: gov.kz