Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы шеңберінде шағын және микробизнесті тегін оқыту және кеңес беру бағдарламасын іске қосу жөніндегі кәсіби қоғамдастықтың бастамасын қолдады.
«Іскер аймақ» негізінен моно, шағын қалалардағы және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Қолдау шараларын іске асыру шағын бизнес субъектілеріне айналым қаражатын толықтырып, борыш жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, бағдарлама шеңберінде банктік несие бойынша номиналды мөлшерлеменің шамамен 9%-ын субсидиялау көзделген: Екінші деңгейлі банктердің ағымдағы номиналды мөлшерлемесі – 22%, субсидияланатыны – 8,8%.
Бірыңғай бағдарламаның жаңалықтары мен ережелерін бизнес субъектілеріне қарапайым тілмен түсіндірудің маңыздылығы атап өтілді.
Бухгалтерлер Одағының бизнесті тегін оқыту мен кеңес беру бағдарламасын іске қосу жөніндегі игі бастамасына назар аударылды.
«Бүгін Бухгалтерлер одағы бизнесті тегін оқыту және кеңес беру бағдарламасын іске қосу жөнінде игі бастама көтерді.
Мемлекеттік органдарға бұл процесті толық қолдап, жәрдем көрсетуді тапсырамын.
Жұмыс барлық жерде, тіпті ауыл-аймақтарға дейін жүргізілуге тиіс. Бухгалтерлер одағы, салалық қауымдастықтар мен ұйымдар мемлекеттік кірістер органдары мен әкімдіктердің қажетті инфрақұрылымын пайдалана алады»,
— деп атап өтті Премьер-министр.
Дереккөз: ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналы