Қарағанды облысының бюджеті әлеуметтік бағытқа бейімделген. Келер жылы барлық шығыстың 67%-ы әлеуметтік салаға бағытталады. Сонымен қатар, инженерлік желілерді жаңғырту және кәсіпкерлікті қолдау да басымдықтардың қатарында.
Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Saryarqa телеарнасына берген сұхбатында айтты.
— Бюджеттің 67%-ы әлеуметтік салаға жұмсалады. Сондай-ақ, нақты секторды қолдауды жалғастырамыз – бұл жалпы көлемнің 19%-ы. Мұндағы негізгі бағыттар — жолдарды жөндеу, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту. Бизнестің дамуына салық жеңілдіктері қарастырылған, маслихат шешімімен мөлшерлеме 2%-ға дейін төмендетілді. Біздің өңірде шамамен 240 мың адам шағын және орта бизнесте жұмыс істейді, бұл нақты қолдау болып саналады, — деді өңір басшысы.
Ол бюджет шығындарын оңтайландыруға да тоқталды:
— Нейтралды шығыстарды азайттық. Ең бастысы — әлеуметтік сала, міндеттемелер 100%-ға орындалады. Екінші мәселе — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық. Біз модернизацияны жалғастырамыз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімі инженерлік желілерді жөндеу кезінде қаражат «жерге көмілгендей» жұмсалады деген пікірді жоққа шығарды:

— Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жобаларына айтарлықтай қаражат бөлінген, оның ішінде тарифтердің өсуі есебінен де қаржыландырылды. Бірақ жаңғырту жаңа қуаттар береді — осының арқасында ғана спорт нысандары, концерт залдары, тұрғын үйлер салу мүмкін болады. Коммуникациялар жер астында, көрінбейді, бірақ әсері зор. Мысалы, үшінші жылу шығару желісін салу 40 млрд теңге тұрады. Қазір Майкұдық пен қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігі арасында белсенді құрылыс жүріп жатыр. Бұл ТКШ, нақты айтсақ жылумен қамту жүйесіне салынған инвестициялардың нәтижесі, — деді ол.
Әкім коммуникацияларсыз ірі жобаларды, мысалы, футбол академиясы мен жаңа стадионнан тұратын спорт кластерін жүзеге асыру мүмкін еместігін де атап өтті.
— Қазіргі кезде белсенді түрде тұрғын үйлер салынуда. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде біз пәтерлерді сатып алып, кезекте тұрғандарға үлестіреміз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.