Қарағанды облысында медицина кадрларының тапшылығы қалай шешіліп жатыр

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында Мемлекет басшысының ауылдық денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі тапсырмасы жүйелі түрде орындалып келеді. Биыл ауылдық жерлерде 66 жаңа медициналық нысан — дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер пайдалануға берілді. Оның 51-і қайтарылған активтер есебінен салынған.

 

Бұл нысандарда кімдер еңбек етеді, жас мамандарды ауылға қалай тартуда — осы сауалдар облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа Saryarqa телеарнасына берген сұхбатында қойылды.

— Кадр мәселесі әлі де өзекті. Тапшылық бар екенін жасыра алмаймыз. Медициналық қызметкерлерді ауылда ұстап қалу және ынталандыру үшін көтермеақы көлемін 8,5 млн теңгеге дейін арттырдық. Соның нәтижесінде биыл 67 медицина қызметкері ауылдық жерлерге келді. Екіншіден, тұрғын үймен қамтамасыз етудеміз: 2023 жылдан бері облыс бойынша медицина мамандарына 250 пәтер берілді, — деді өңір басшысы.

Сонымен қатар ол болашақ кадрларды даярлау мәселесіне де тоқталды.

— Неліктен екенін білмеймін, бірақ медициналық жоғары оқу орындарына қарағандылық түлектер аз түседі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мектептерде медициналық сыныптар ашу туралы шешім қабылдадық. Бұл — ерте кәсіби бағдар беру, балалардың медицина саласына қызығушылығын арттыру үшін қажет, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Материалдық-техникалық базаны нығайту да назардан тыс қалған жоқ. Облыс бойынша 113 жедел жәрдем көлігі сатып алынып, оның бір бөлігі аудандық ауруханаларға жіберілді. Ал телемедицина арқылы шалғай елді мекендердегі тұрғындар жоғары білікті дәрігерлерден қашықтан кеңес алу мүмкіндігіне ие болып отыр.