Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысында Мемлекет басшысының Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және өнеркәсіптік дамуына сүбелі үлес қосқан түрлі сала еңбеккерлері мемлекеттік наградаларға ие болды.

Марапатталғандардың қатарында қарағандылықтар да бар. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысы атынан екі кеншіге «Құрмет» орденін табыстады.

Тағы бір қарағандылық — Светлана Кулькова осыған ұқсас жоғары марапатты Астанада тікелей Президенттің қолынан алды. Ол Қарағанды қаласындағы №3 автопаркте 37 жыл бойы автоэлектрик болып еңбек етіп келеді. Кәсіптік училищені «КИПиА слесарі» мамандығы бойынша тәмамдаған соң еңбек жолын осы мекемеде бастаған. Светлана — жөндеу қызметіндегі жалғыз әйел маман. Оның кәсіби шеберлігі барлық автобустарды салқындату және жылыту жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Ермағанбет Бөлекпаев марапат иелеріне жанқиярлық еңбегі мен өз ісіне адалдығы үшін алғыс білдірді.
— 2025 жыл Мемлекет басшысының шешімімен Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Осы кезеңде көптеген еңбек адамдары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Өткен аптада Астанада жыл қорытындыланып, тағы бірқатар қазақстандықтарды марапаттау туралы шешім қабылданды. Солардың қатарында сіздердің де еңбектеріңіз жоғары бағаланды, — деді өңір басшысы.

Владимир Салдайкин көмір өнеркәсібінде 35 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда ол «Altyn Komir Service» кәсіпорнында жерасты тау-кен жұмысшысы болып қызмет атқарады. «Кенші даңқы» белгісінің екі мәрте иегері ретінде ол өз тәжірибесін жас әріптестерімен бөлісіп келеді. Ұжымда кәсібилігі мен жауапкершілігі үшін зор құрметке ие.
— Бұл — менің алғашқы мемлекеттік наградам. Өте қуаныштымын. Шахтамыз алдағы уақытта да дами берсін деп тілеймін. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын, денсаулық пен амандық тілеймін, — деді Владимир Салдайкин.

Қайратбек Тойшыбеков — «Qarmet» АҚ Көмір департаментіне қарасты Т. Күзембаев атындағы шахтаның үңгуші жұмыскері. Оның жалпы еңбек өтілі 45 жыл, соның 42 жылын бір ұжымда өткізген. «Кенші даңқы» орденінің толық кавалері жас мамандарға тәлімгер болып, өзі де кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп келеді.

Бұл мемлекеттік награда Қайратбек Тойшыбековке де алғаш рет табысталды. Ол көп жылғы еңбегінің еленгеніне ризашылығын білдірді.
Биыл мемлекеттік наградалармен барлығы 102 адам марапатталды. Оның 91-і — Қарағанды облысының жұмысшы мамандық өкілдері. Олардың қатарында кеншілер, металлургтер, құрылысшылар, машина жасаушылар, энергетиктер және ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері бар.
Дереккөз: Gov.kz