Екібастұзда әйел ер адамды өлтіріп, әйелге бірнеше рет пышақтаған. Оның қанды қылмыс жасаған сәті бейнебақылау камерасына жазылып қалған, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Telegram-арнада тараған видеодан оқиғаның көпқабатты үйдің кіреберісінде болғанын байқауға болады. Бейнежазбада үсті-басы қан-жоса болған әйел баспалдақпен төмен түсіп бара жатқан. Оның соңынан күдікті әйел ілесе түсіп, әлсіреп құлаған жәбірленушіні ұрып-соғып, кейін аяғына бірнеше рет пышақ тыққанын көруге болады.
Павлодар облыстық полиция департаменті бұл жағдайды растап, оқиғаның 9 қаңтар күні Екібастұзда болғанын мәлімдеді.
“Оқиға орнына келген полиция қызметкерлердің алдын ала мәліметінше, тұрмыстық жанжал барысында, алкогольдік мас күйінде, жанжалға қатысушылардың бірі бірнеше пышақ жарақатын алған. Салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ тағы бір әйел пышақ жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді”, — деп мәлімдеді өңірлік полиция департаменті.
Қазір күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу деректері бойынша қылмыстық іс қозғалды.