Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Ата заң жобасына ұсынылған жаңа маңызды толықтырулармен таныстырды

Фото: Life09

Азаматтар, қоғамдық ұйымдар, ғалымдар мен заңгерлер қауымдастығының бірқатар ұсынысы негізінде Қазақстаның жаңа Конституциясының жобасына жаңа маңызды толықтырулар енгізілді. Оларды Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның оныншы отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов таныстырды.

Ол Комиссияға волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныстар түскенін хабарлады. Нәтижесінде, қолданыстағы «Волонтерлік қызмет туралы» Заңды және қоғамның дамуы мен қоршаған ортаны қорғаудағы волонтерліктің маңыздылығын ескере отырып, олар қолдау тапқанын мәлімдеді.

«31-баптың 2-тармағында Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де нысандарын құру, волонтерлік қызмет және қайырымдылықтың ынталандырылатыны жөнінде толықтыру енгізілді», – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.

Ол бұл идеяны іске асыру жаңа Конституция жобасының басқа ережелерін үйлесімді түрде толықтыратынын мәлімдеді. Атап айтқанда, Преамбула мен Қазақстан Республикасының түбегейлі қағидаттарын, оның ішінде жауапты және жасампаз патриотизм идеяларын ілгерілету, еңбекқорлық құндылықтарын бекіту және т.б.

Бақыт Нұрмұханов басқа да өзгерістер Құрылтайдың қызметін ұйымдастырумен байланысты екенін айтты.

Мәселен, комитеттер мен комиссиялардың құрылу тәртібі, өкілеттіктері, қызметін ұйымдастыруды заңмен айқындайтын жобаның 59-бабының 3-тармағын алып тастауды ұсынды.

Ол қазіргі уақытта жоғары өкілді органның комитеттері мен комиссияларының қызметі мәселелері «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен, «ҚР Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Заңмен, Парламент пен оның палаталарының регламенттерімен реттелетінін еске салды.

«Бұл түзету аталған Конституциялық заңда осы мәселелерді қамтуға және оларды құқықтық реттеу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Бақыт Нұрмұханов.

Ол сондай-ақ Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.

Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жұмыс тобы құқықтық нормалар мазмұнының қолжетімділігі мен түсініктілігін қамтамасыз ету үшін тұжырымдарды оңтайландыру бойынша шаралар қабылдауда. Бұл ретте жобалардың терминологиялық және семантикалық бірыңғайлығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда.

Атап айтқанда, Үкімет, Парламент, Президент Әкімшілігі, Конституциялық комиссияның редакциялық-терминологиялық жұмыс тобы, «Қазақ тілі» Халықаралық қоғамы мамандары мен жұмысқа тартылған лингвистердің ұсыныстары негізінде жекелеген редакциялық және стилистикалық түзетулер жүзеге асырылды.