Қарағанды облысының ауылдарында жаңа спорт нысандары ашылуда

Фото: Gov.kz

Нұра ауданында дене шынықтырумен айналысатын тұрғындар саны артып келеді. Заманауи ауа тіректі спорт кешені, жабық хоккей корттары және спорт нысандарын қайта жабдықтау жұмыстарының қатарында жуырда Ахмет ауылында жаңа спорт клубы ашылды. Мұнда жекпе-жек, бокс және қазақша күрес бойынша жаттығулар өтеді.

Зал «Батыр боламын» қоғамдық қорының қолдауымен жабдықталды: бокс қаптары, татамилер, қолғаптар және өзге де құрал-жабдықтар сатып алынды.

Ғимаратты дайындау және жөндеу жұмыстарына жергілікті кәсіпкерлер атсалысты.

— Жаңа клуб тек жаттығу өткізетін орын ғана емес, сонымен қатар жастардың бойында тәртіп, табандылық пен еңбекқорлықты қалыптастыратын, жауапкершілік пен отансүйгіштік сезімді тәрбиелейтін алаңға айналады. Мұнда балалар, жасөспірімдер және ересектер тұрақты түрде спортпен шұғылданып, денсаулықтарын нығайта алады, — деді Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов.

Соңғы жылдары ауданда спорт саласы қарқынды дамып келеді. Аудан орталығында заманауи ауа тіректі спорт кешені ашылды. Нұра кентінде және Шахтёрское ауылында жабық хоккей корттары пайдалануға берілді. Бұл нысандар бүгінде балалар мен жастардың, сондай-ақ белсенді өмір салтын ұстанатын тұрғындардың сүйікті орнына айналды. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған спорт ғимараттары заманауи спорттық құралдармен және жабдықтармен қамтамасыз етілуде.

Жаңа залдар мен алаңдар — тек инфрақұрылым ғана емес, сонымен бірге халықтың спортқа тартылуының артуы. Соңғы үш жылда спортпен тұрақты түрде айналысатындардың үлесі 20 пайызға өсті.

— Біздің аудан облыстағы ең спорттық өңірлердің бірі ретіндегі позициясын сенімді түрде сақтап келеді. Жыл сайын спортшыларымыз облыстық жарыстарда аудан намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындардан көрініп жүр, — деп атап өтті аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ержан Смайылов.

Ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Нұралықтар бес асықтан облыстың бес дүркін чемпионы атанды. Сонымен қатар спортшылар «жекпе-жек», «көкпар», «аударыспақ» дисциплиналары бойынша облыстық жарыстарда табысты өнер көрсетіп келеді.

Спортты дамыту бағдарламасы алдағы уақытта да жалғасады.

Дереккөз: Gov.kz