Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канаданың жыл сайын өтетін, жасөспірімдер арасындағы ең беделді халықаралық турнирлердің бірі — Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament жеңімпаздары болған Astana Team балалар хоккей командасын құттықтады.

Қазақстан командасы жарыстарда керемет өнер көрсетіп, қарсыластары ретінде Канада, Швейцария, Корея, АҚШ және Польша клубтарын жеңіп шықты. Astana Team топтық кезеңнен сенімді өтіп, барлық матчта жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне шықты.

Ширек финалда қазақстандықтар турнирдің иесі Quebec Nordiques командасын 3:1 есебімен жеңсе, жартылай финалда Quebec Remparts командасынан 2:1 есебімен басым түсті. Финалдық кездесу Noir d'Or des Montagnes командасына қарсы тартысты өтті: негізгі уақыт тең есеппен аяқталып, сериядағы буллиттерде Astana Team тарихи жеңіске қол жеткізді, есеп — 4:3.

Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament — 13 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлемдік деңгейдегі ең беделді хоккей турнирлерінің бірі. Байрақты жарыс төрт дивизионда өтеді: BB, AA, AA Elites және ең жоғары — AAA. Astana Team екінші деңгейлі дивизионда алтын медаль жеңіп алып, келесі жылы AAA элиталық дивизионына өту мүмкіндігіне ие болады.

Жеңімпаздар құрамына Қазақстанның әртүрлі қалаларынан шыққан ойыншылар кірді.

Командаға «Торпедо» (Өскемен), ХК «Астана», «Тайгерс» (Алматы) және «Жастар» (Қарағанды) клубтарының тәрбиеленушілері қосылды.

Ал жеңіс үшін Қарағандылық хоккейшілер Артём Неведров, Роман Матушкин және Михаил Бельков белсенді өнер көрсетті. Жаттықтырушы құрамында Қарағандыдан келген Владислав Подкорытов та бар.
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, бұл жетістік өңірдің жас хоккейшілерінің халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.