«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті.
Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Кездесуге депутаттар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, білім беру саласының мамандары және өңір тұрғындары қатысты.
Алдымен жалпыұлттық коалиция мүшелері Жезқазғандағы С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында өңір халқымен кездесу өткізді. Жиында Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституция жобасында білім беру, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамытуға, сондай-ақ ұлттық бірегейлік пен тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған нормаларға ерекше назар аударды.
«Жаңа Конституцияда ұлттық мәдениетті дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау сияқты мәселелер де нақты көрініс тапқан. Мұның бәрі ұлттық болмысымызды сақтауға және рухани құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам деп білемін. Жоба аясында білім беру, ғылым, мәдениет және инновация салаларын дамытуға ерекше назар аударылады. Өйткені қазіргі заманда адам капиталы – кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы. Қуатты мемлекеттің тірегі – озық ойлы ұлт, дамыған мәдениет және жоғары зияткерлік әлеует», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар Аида Балаева жаңа Конституция жобасы іргелі демократиялық қағидаттарды нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Оның ішінде сөз бостандығына кепілдік беру мәселесі ерекше көрсетілген. Сонымен бірге әрбір азаматтың ар-намысы, қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғау да толық қамтамасыз етілетіні нақты айқындалған.
«Жаңа Конституция жобасы дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, сөз бостандығына толық кепілдік береді. Ұсынылып отырған нормалар сөз бостандығын шектеуге емес, әр адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін, жеке өмірін қорғауға бағытталған. Ең бастысы, негізгі қағида өзгеріссіз қалады. Конституцияда сөз бостандығына кепілдік беріледі және цензураға тыйым салынады. Сөз бостандығы мәселесіне тек журналистиканы дамыту тұрғысынан ғана қарауға болмайды. Қазіргі ашық қоғамда әркім өз ойын еркін білдіре алады, бірақ бұл құқық кең мүмкіндіктермен қатар белгілі бір жауапкершілікті де талап етеді. Әрине, қоғамда әртүрлі пікірдің айтылуы – қалыпты құбылыс. Дегенмен қандай сын айтылса да, тұтас бір халықты кемсітіп немесе оның болашағына күмән келтіретін тұжырымдар жасау дұрыс емес деп ойлаймын. Қазақ халқы ғасырлар бойы талай тарихи сыннан өтіп, өзінің тілін, мәдениетін және ұлттық болмысын сақтап қалған халық. Ең бастысы, Президентіміз айтқандай, тәуелсіздік – бәрінен де қымбат құндылық. Тәуелсіздік бізге кездейсоқ келген жоқ, ата-бабамыздың күресі мен қаншама боздақтарымыздың еңбегінің нәтижесінде келді. Сондықтан оның қадірін төмендетуге немесе жоққа шығаруға болмайды. Ең маңыздысы – қоғамды бөлетін емес, біріктіретін ой айту, ұлт болып ауызбірлігімізді сақтап, татулық пен өзара сыйластық арқылы ортақ мүддемізді қорғау», – деді Аида Балаева.
Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституция жобасының қоғамда кең талқылануы елдегі саяси мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің арта түскенінің айқын көрінісі екенін атап өтті.
«Қазіргі кезде жаңа Конституция туралы қоғамда әртүрлі пікір айтылып жатыр. Бұл – қалыпты құбылыс. Өйткені азаматтардың Ата Заңның әрбір бабына үңіліп, оның мазмұны мен болашақтағы ықпалын талқылауы – қоғамның саяси мәдениетінің өскенін, азаматтық жауапкершіліктің күшейгенін көрсетеді. Жасыратыны жоқ, Конституцияға енгізілген өзгерістерді Президенттің билігін күшейту әрекеті деп бағалап жатқандар да бар. Алайда бұл пікірдің еш негізі жоқ. Жаңа Конституцияда Президент өкілеттігіне белгілі бір шектеулер енгізілген. Мәселен, Жаңа Конституцияға сәйкес, Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланады, сондай-ақ оның жақын туыстары жоғары мемлекеттік қызметтерге тағайындала алмайды. Шын мәнінде, Мемлекет басшысы суперпрезиденттік модельге мұқтаж емес. Керісінше, бүгінгідей аумалы-төкпелі, күрделі геосаяси кезеңде бізге елдің тыныштығы мен тұрақты дамуына кепіл бола алатын, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоятын Қасым-Жомарт Тоқаевтай Президент қажет», – деді Аида Балаева.
Кездесуде жалпыұлттық коалиция өкілдері – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер Серік Ақылбай, ғалым, қоғам қайраткері Нұрлан Дулатбеков сөз сөйледі. Спикерлер өз баяндамаларында ұсынылып отырған өзгерістер қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға қосымша жағдай жасайтынын, сондай-ақ азаматтардың елдің қоғамдық және саяси өміріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтетінін жеткізді.
Ұлытау облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлбану Сейтжанова жаңа Конституция жобасы отбасы құндылықтарының, этносаралық келісімнің және қоғамдық диалогтың маңызын арттыра түсетініне ерекше зер салды.
Бұдан кейін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері Жезқазған қаласындағы Kazakhmys Smelting компаниясына қарасты Kazkat зауытының алаңында кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті.
Кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесуде Аида Балаева жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаты – адам құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ оның қауіпсіздігінің басымдығын қамтамасыз ету және еңбеккерлердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту екенін атап өтті.
«Жаңа Конституцияның өзегінде адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қауіпсіздігі тұр. Өнеркәсіп саласы үшін еңбек ұжымдарына тікелей қатысты нормалардың маңызы ерекше. Ата Заң еңбек ету құқығын, қауіпсіз еңбек жағдайларын және кемсітусіз әділ еңбекақы алуды бекітеді. Бұл нормалар өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге және жұмысшылардың денсаулығын сақтауға бағытталған. Яғни, еңбек жағдайлары үшін жұмыс беруші мен мемлекеттің жауапкершілігі ең жоғары деңгейде – Конституция деңгейінде бекітіледі. Заң үстемдігі қағидаты орныққан елде болжамдылық жоғары болады, тәуекел азаяды, ертеңгі күнге деген сенім күшейеді. Ал бұл өз кезегінде кәсіпорындардың дамуына және жұмысшылар отбасыларының әл-ауқатының артуына жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Аида Балаева.
Қатысушылар ірі өндірістік ұжымдар үшін конституциялық реформаның тек саяси оқиға ғана емес, сонымен бірге жұмысшылардың күнделікті өмірімен, кәсіпорындардың тұрақтылығымен, еңбек құқықтарының қорғалуымен және ертеңгі күнге деген сеніммен тікелей байланысты маңызды шешім екенін атап өтті. Сондықтан талқылау барысында қауіпсіз еңбек жағдайлары, әділ еңбекақы, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік шешімдердің болжамдылығы сияқты нормаларға ерекше назар аударылды.
Жалпыұлттық коалиция мүшелері Ұлытау облысына сапары аясында Сәтбаев қаласындағы «Анненская» шахтасының жұмысшыларымен кездесу өткізді.
Аида Балаева жаңа Конституция жобасы ең алдымен азаматтардың мүддесіне бағытталғанын және еңбек ұжымдары үшін айрықша маңызды құндылықтарды бекітетінін атап өтті.
«Жоба мазмұнының мәні ең алдымен преамбуладан көрініс табады. Ол «Біз, Қазақстанның біртұтас халқы…» деген сөздермен басталады. Бұл – маңызды әрі терең мағынасы бар тұжырым. Яғни, елдің болашағын айқындайтын басты құжаттың негізінде халықтың еркі жатыр деген сөз. Демек, мемлекет қалай дамитынына бәріміз де ортақ жауаптымыз. Преамбулада еңбек адамдарына ерекше жақын құндылықтар көрініс тапқан. Атап айтқанда, еңбек пен білімге құрмет, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік, «Заң мен Тәртіп» қағидаты, әділдік пен орнықты даму бәріміз үшін аса маңызды құндылықтар. Шахтадағы еңбек тұрғысынан қарасақ, бұл қағидалардың мәні айрықша түсінікті. Тәртіп пен талап болмаса, қауіпсіздік болмайды. Ал әділ ереже мен жауапкершілік болмаса, ұжымда да, қоғамда да сенім болмайды», – деді Аида Балаева.
Әңгіме барысында жаңа Конституция жобасында еңбек жағдайларының тиісті деңгейде қамтамасыз етілуі үшін жауапкершілік анағұрлым нақты айқындалатыны, ал өндірістегі қауіпсіздік қазіргі заманғы әлеуметтік саясаттың негізгі стандарттарының бірі ретінде қарастырылатыны атап өтілді.
Осыдан кейін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Сәтбаев қаласында Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің еңбек ұжымымен кездесті. Басқосуда Конституция жобасының білім беру ортасына, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және адами капиталды дамытуға тікелей қатысты ережелеріне ерекше назар аударылды.
Аида Балаева жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесін дамыту, зайырлы білім беру қағидаттарын нығайту және барлық балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасында Қазақстандағы білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты нақты әрі анық бекітілген. Бұл норманы дұрыс түсіну өте маңызды. Ол ешқандай жағдайда дінге қарсы бағытталмаған және азаматтардың ар-ождан бостандығын шектемейді. Мұндағы мақсат – мемлекеттік мектептің барлық балалар үшін тең әрі бейтарап білім беру кеңістігі болып қалуын қамтамасыз ету. Яғни, әрбір бала ата-анасының отбасылық немесе діни көзқарасына қарамастан, әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарына негізделген ортада білім алуы тиіс. Сонымен бірге білім беру стандарттары барлық оқушы үшін бірдей болуы қажет.
Сонымен қатар білім беру саласындағы негізгі кепілдіктер толық сақталады. Тіпті, жаңа норма оларды едәуір кеңейтеді. Қолданыстағы Конституцияда міндетті орта білім туралы айтылса, жаңа жобада білім алудың міндеттілігі тек орта деңгейде ғана емес, бастауыш білім деңгейінде де бекітіледі. Бұл, шын мәнінде, мемлекет әрбір баланың ең алғашқы қадамдарынан бастап білім алуына жауапкершілік алады дегенді білдіреді. Яғни, базалық білім деңгейі әр бала үшін қамтамасыз етілуі тиіс.
Жалпы алғанда, Конституция жобасының мәні тек жекелеген нормалармен шектелмейді. Оның негізгі идеясы әлдеқайда кең. Жаңа мемлекеттік модельдің өзегінде адам және оның әл-ауқаты тұр. Сонымен бірге елдің болашағы ең алдымен адами капиталдың сапасына, білім деңгейіне және азаматтардың жасампаз әлеуетіне байланысты екені нақты көрсетіледі. Сондықтан білім беру жүйесін дамыту, ғылымды қолдау және инновацияларды ілгерілету мемлекет үшін стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде белгіленеді», – деп атап өтті вице-премьер.
Кездесу қорытындысы бойынша педагогикалық қауымдастық өкілдері алдағы референдумға белсенді қатысудың маңыздылығын атап өтіп, дәл осындай саналы азаматтық ұстаным арқылы Қазақстанның болашағының берік іргетасы қаланатынын жеткізді.
М.ТӨЛЕУ
Дереккөз: Aikyn.kz