Пәкістанның Ауғанстан астанасы – Кабул қаласына жасаған әуе соққылары салдарынан 400-ден астам адам қаза тауып, тағы 250-ден аса адам жарақат алды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ауғанстанның жоғарғы көшбасшысының баспасөз хатшысы Забиулла Моджахедтің мәліметінше, әуе соққыларының бірі елордадағы реабилитациялық орталыққа тиген. 2000 төсек-орынға арналған аталған медициналық мекеме ғимаратына елеулі зақым келген.
«Талибан» қозғалысы бұл әрекетті «қылмыс әрі адамгершілік қағидаттарына қайшы» деп бағалап, оның жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, аталған оқиға бойынша Пәкістан тарабына айып тағылды.
Өз кезегінде Пәкістан билігі бұл айыптауларды жоққа шығарып, оларды «шындыққа сәйкес келмейтін әрі қоғамды адастыруға бағытталған» деп атады. Ресми мәліметке сәйкес, дүйсенбі күні жасалған әуе соққылары тек Кабул мен Нангархар провинцияларындағы әскери нысандарға бағытталған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ақпан айының соңында Кабул билігі Дюранд сызығы бойында — Ауғанстан мойындамайтын екі мемлекет арасындағы шекара аумағында — Пәкістан әскери күштеріне қарсы операция бастаған. Бұл қадам Пәкістан әскери-әуе күштерінің әуе соққыларына жауап ретінде жасалған.
Пәкістанның Ауғанстан астанасына жасаған әуе соққылары салдарынан 400-ден астам адам қаза тапты
Фото: ЖИ ChatGPT