Қарағанды облысында биыл көктемде кең ауқымды көгалдандыру науқаны басталмақ. Соның аясында әуежайға апаратын жол бойында жалпы аумағы 90 гектарды қамтитын біртұтас жасыл белдеу қалыптастырылады. Бұл аумаққа негізінен үйеңкі мен қарағаш көшеттері егіледі.
Жобалар тек осы бағытпен шектелмейді. Осындай көгалдандыру жұмыстары Қарағанды – Теміртау автожолы бойында да жүргізіледі. Сонымен қатар Алматы бағытына қарай созылып жатқан Спасск тас жолы бойындағы жасылдандыру ісі кезең-кезеңімен жалғасады.

Жалпы өңір бойынша көгалдандыруға кешенді тәсіл қарастырылған. Ағаш егу саябақтарда, гүлзарларда және тұрғын алаптарда жүзеге асады. Бұған қоса, өтемдік егу жұмыстары да қатар жүргізілмек.
Теміртауда ағаш егу жұмыстары сенбіліктерден кейін басталса, Балқашта көгалдандыру негізгі көшелер — Қараменде би, Абай және Бөкейхан даңғылдары бойында шоғырландырылады.
Орман қоры аумағында да ауқымды жұмыстар жоспарланған. Бұл бағытта қажетті дайындық жүргізіліп, тиісті база қалыптастырылған.
— Қазіргі таңда орман тұқымбағында 5,5 миллион дана көшет бар. Биыл үйеңкі, қарағаш және қараған егіледі. Ал келесі жылы осы ағаш түрлерімен қатар қарағай, жиде және қайың көшеттерін егу бойынша дайындық жұмыстары көзделіп отыр, — деді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев.

Орман дақылдарының жерсіну деңгейін арттыру мақсатында өңірде жылыжай кешенін салу жоспарлануда. Сонымен бірге саланың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасып келеді.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық жоспарланған іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
— Экологиялық ахуалды жақсарту және жасыл қорды ұлғайту үшін орманды қалпына келтіру жоспарын толық орындап, көшеттердің жерсіну көрсеткіштерін ұлғайту қажет. Аумақтық инспекция тарапынан тұрақты бақылау ұйымдастырылуы тиіс. Қалалар мен елді мекендерде көгалдандыру сапасына және егілген ағаштарды күтіп-баптауға ерекше назар аудару маңызды. Барлық жұмыстар жүйелі бақылауда болуы қажет, — деді өңір басшысы.
Дереккөз: Gov.kz