Шымкентте дәрігерлер кәмпитке қақалып, тұншығып қала жаздаған 65 жастағы ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, тәтті оның тыныс алу жолына түсіп, ірі бронхын толық бітеп тастаған. Салдарынан ер адамның тынысы санаулы секундтар ішінде қиындап, жағдайы күрт нашарлаған. Ол жедел түрде №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлер дереу шұғыл шараларға кірісіп, арнайы құралдардың көмегімен кәмпитті тыныс жолынан алып шыққан.
"Дәрігерлер бөгде затты сәтті алып, науқастың тынысын қалпына келтірді. Тағы сәл кешіккенде жағдай қайғылы аяқталуы мүмкін еді", – деп хабарлады ведомство.
Көрсетілген медициналық көмектен кейін ер адамның жағдайы тұрақталып, ол ем қабылдап, ауруханадан шығарылған.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық қыз көшеден тауып алған темекіні шегемін деп жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққаны хабарланған еді. Дәрігерлердің айтуынша, ол есірткіге мас болып, жағдайы күрт нашарлаған.
Науқас бір тәулік жансақтау бөлімінде бақылауда болып, кейін тағы бірнеше күн ем қабылдаған. Қазір жағдайы тұрақталып, үйіне шығарылды.
Дәрігерлер белгісіз заттарды қолдану ауыр улануға және өмірге қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.