Қарағанды облысында еріктілер қозғалысы 4 мыңнан астам адамды біріктіріп, әлеуметтік, мәдени және қоғамдық маңызы бар кең ауқымды бағыттарды қамтиды: экологиялық мәселелерді шешуден бастап түрлі акциялар мен іс-шараларды ұйымдастыруға дейін. Биыл жедел әрі кәсіби көмекті талап ететін жаңа бағыттарды дамытуға ерекше басымдық берілуде.

Өңірде волонтёрлік қызмет бір реттік бастамалар аясынан шығып отыр: еріктілер әлеуметтік қолдау көрсетуге, білім беру саласына, спорттық іс-шараларға тартылған, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысады. Енді бұл тізімге арнайы дайындық пен нақты үйлестіруді қажет ететін тағы бір маңызды бағыт — жоғалған адамдарды іздеу жұмыстары қосылмақ.

— Біз Астанадан және еліміздің басқа өңірлерінен спикерлерді шақырып, еріктілерімізді жоғалған адамдарды іздеу әдістеріне үйреттік. Қазір бұл бағытты облыс аумағында дамытуды жоспарлап отырмыз, осылайша еріктілер іздестіру операцияларында тиімді әрекет етіп, тиісті қызметтермен өзара іс-қимыл жасай алады. Бұл тек жаппай акцияларға қатысып қана қоймай, шұғыл жағдайларда нақты көмек көрсетуге мүмкіндік береді, — деді еріктілердің өңірлік фронт-кеңсесінің жетекшісі Ардана Мырзанова.

Қарағанды еріктілердің ең көп шоғырланған орталығы болып қала бергенімен, қозғалыс өңірдің басқа қалаларында да белсенді дамып келеді — Теміртау, Абай және Шахтинск қалаларында.
— Теміртауда «Күміс волонтёрлік» бағыты қарқынды дамып келеді: егде жастағы азаматтар әлеуметтік, білім беру және экологиялық жобаларға қатысуда. Олардың белсенділігі еріктілік қызметтің түрлі буын өкілдерін біріктіріп, өзара көмек мәдениетін нығайтатынын көрсетеді, — деп қосты спикер.

Бүгінде облыста жастарды, студенттерді және белсенді тұрғындарды біріктіретін 75 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Жыл сайын 300-ден астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара өткізіліп, мыңдаған азаматқа атаулы көмек көрсетіледі. Сонымен қатар цифрлық волонтёрлік дамып, мемлекеттік органдармен және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл күшейтілуде.

2026 жыл Халықаралық волонтёрлер жылы деп жарияланды. Бұл бастама еріктілердің заманауи сын-қатерлерді шешудегі рөлін айқындап, мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашады.