Белсенді туристік кезең қарсаңында өңірде демалушылардың қауіпсіздігін, жайлылығын және санитарлық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда.
Қауіпсіздік және құтқару қызметтері
Балқаш қаласында заманауи капсулалық-модульдік құтқару станциялары орнатылып, қолданыстағы нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Тораңғалық және Шұбар-Түбек туристік аймақтарында тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық бекеттер ұйымдастырылды. Кезекшілікке фельдшерлер дайындалып, медициналық колледж студенттері тартылған.
Қосымша қоғамдық құтқарушыларды оқыту жүргізілуде — барлығы 70 адамды даярлау жоспарланған.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін туристік полиция жұмыс істейді, маусым басталғанға дейін жағалау аймақтарында 100-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылады.
Санитарлық бақылау және нысандардың дайындығы
149 демалыс орнының 83-іне санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды берілді, бұл 55,7%-ды құрайды.
Соның ішінде 121 демалыс аймағының 78-і (64,4%) және 28 жағажайдың 5-і (17,8%) тиісті қорытынды алған.
Бұл демалыс аймақтарының жартысынан астамы белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растағанын көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Маусым қарсаңында барлық нысандар міндетті түрде тексерістен өтіп, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс. Жағажайлардың жағдайына, су сапасына, санитарлық талаптардың сақталуына және инфрақұрылымның жалпы дайындығына ерекше назар аударылады.
Жағажайлар мен инфрақұрылымды абаттандыру
Балқаш, Қарағанды, Приозерск қалаларында, сондай-ақ Абай, Нұра және Бұқар жырау аудандарында коммуналдық жағажайларды кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Жол бойындағы сервисті дамыту, санитариялық-гигиеналық тораптар салу және туристік бағыттарда байланыс сапасын арттыру жалғасуда.
Мобильді байланыс
2026 жылы жоспарланған:
Балқаш қаласында — 4 антенналық-діңгекті станция (АМС) орнату;
Шұбар-Түбек кентінде — 2 АМС орнату және жаңа базалық станция іске қосу;
Тораңғалық кентінде — 2 АМС орнату.
Қарағанды – Балқаш тас жолы бойында байланыссыз аймақтарды жою үшін 8 АМС және 1 базалық станция орнату қарастырылған.
Қарқаралы ауданында 2026 жылдың соңына дейін 2 АМС салу жоспарлануда.
Қарағанды облысы жазғы туристік маусымға дайындықты күшейтуде
Фото: Life09