Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға қалаған пәтерін алып беруге уәде етті

Фото: Баян Алагөзованың инстаграм парақшасынан

Қазақ өнерінің көрнекті өкілі, ел жүрегінен ерекше орын алған Меруерт Өтекешова үшін қуанышты жаңалық айтылды. Танымал продюсер Баян Алагөзова актрисаға пәтер сыйлайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Продюсер өз жазбасында Меруерт Қаратайқызын қазақ мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан биік тұлға ретінде сипаттап, оған деген ерекше құрметін жеткізді.

“Мен өте бақыттымын. Оралдың қыздары иіле бермейді, бірақ мен сіздің алдыңызда бас иемін. Өйткені сіз – ұлы әйелсіз”, – деп жазды Баян Алагөзова.

Сондай-ақ ол алдағы екі айдың ішінде актрисаның өзі таңдаған кез келген пәтерін алып беруге уәде етті.

Айта кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға ай сайын бір миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіп отырғанын да айтқан еді.