Теміртауда 200 шақырымнан астам жылу желісі жаңартылады

Фото: Gov.kz

Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында Теміртаудың алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді. 

Негізгі назар КарГРЭС жабдықтарының жағдайына, жылу желілерін жөндеуге және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға аударылды.

Теміртауда жылыту маусымын тұрақты өткізу мәселесі әлі де ең өзекті тақырыптардың бірі болып қала береді. Бұған дейін Ескі қаланы жылумен қамтамасыз ететін КарГРЭС-1 жұмысына апаттар, жабдықтардың жоғары деңгейде тозуы және температуралық режимнің бұзылуына байланысты сын-пікірлер айтылған еді.

Қазіргі таңда жағдай біртіндеп тұрақталып келеді, кәсіпорында жөндеу науқаны жалғасуда.

— №9 қазандық толық жөндеуден өтті, қазір №11 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Одан кейін №10 қазандыққа күрделі жөндеу бастаймыз. Жаз мезгілінде екі турбинаға ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл жабдықтардың сенімділігін арттырып, алдағы жылыту маусымында станцияның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді КарГРЭС директоры Жандос Медеуов.

Ермағанбет Бөлекпаев барлық жұмыстардың қатаң кесте бойынша жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

— Жүктеме ең жоғары кезеңдерде қуат резерві болуы үшін барлық жөндеу жұмыстарын барынша толық жүргізу қажет. Әрбір жұмыс тұрақты бақылауда болуы тиіс. Негізгі міндет — станцияны «қызыл аймақтан» шығару, — деді өңір басшысы.

Сапар барысында облыс әкімі Металлургтер даңғылындағы Абай көшесінен Республика даңғылына дейінгі аралықта басталған жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстарымен де танысты. Бұл учаске қаланың жылумен қамту жүйесіндегі ең күрделі нүктелердің бірі саналады.

— Өткен жылы үшінші шағын аудан бойындағы ұзындығы 1,6 шақырым болатын учаскені толық ауыстырдық. Биыл үшінші магистральдағы ең күрделі учаскелердің біріне кірістік. Екінші шағын аудан бойындағы тағы 1,6 шақырым жылу желісін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Жұмыстар ұлттық жоба аясында жүргізілуде. Мердігер ұйым демонтаж жұмыстарын бастап кетті, реконструкцияны бір жарым-екі ай ішінде аяқтауды көздеп отырмыз, — деді Теміртау әкімінің орынбасары Ринат Қыдырбеков.

Теміртауда жылыту маусымына дайындық жоспарлы режимде жалғасып жатыр. «Оқжетпес-Т» жылумен жабдықтау ұйымымен бірлесіп, 2026–2028 жылдарға арналған жылу желілерін жөндеу бағдарламасы әзірленген. Бағдарлама үш кезең бойынша қаланың 200 шақырымнан астам жылу желісін жаңартуды көздейді.

Қазір бірінші кезең нысандарын жобалау жұмыстары жалғасуда. Оны шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Биыл қалада 50 шақырымға жуық жылу желісін, соның ішінде 6 және 8-шағын аудандардың ішкі кварталдық желілерін жөндеу көзделген.

Теміртауда сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Қалада Қарағанды — Теміртау бағытындағы негізгі су құбырының 27 шақырымдық учаскесін қайта жаңарту басталды. Бұл су құбыры 70-жылдардан бері пайдаланылып келеді және тозу деңгейі жоғары болғандықтан, су шығыны мен әсіресе жаз мезгіліндегі су беру үзілістеріне себеп болған.

Реконструкцияны келесі жылы аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде Теміртаудағы сумен жабдықтаудың негізгі мәселелері шешіледі деп күтілуде.