Қарағандыда Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Польша, Беларусь, АҚШ және өзге де елдерден келген ғалымдар, инженерлер мен құрылыс саласының өкілдері бас қосты. Олар құрылыс саласына инновациялар мен цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін талқылауда. Достық үйінде техника ғылымдарының докторы Жұмағұл Нұғұжиновтың 70 жылдығына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр. Басқосудың негізгі тақырыптары қатарында BIM-модельдеу, жасанды интеллект, цифрлық егіздер, сейсмотұрақты құрылыс және заманауи инженерлік шешімдер бар.

Пленарлық отырысқа Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.
— Мемлекет басшысы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі тікелей мықты ғылымға, заманауи технологияларға және жаңа буын инженер кадрларын даярлауға байланысты екенін бірнеше рет атап өтті. Осындай кездесулер біздің ғылымның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және жобалаудың жаңа әдістері кеңінен енгізілуде, — деді ол.

Ермағанбет Бөлекпаев сондай-ақ Жұмағұл Нұғұжиновты мерейтойымен құттықтап, жаңа тәсілдерді ілгерілетуге қосқан үлесі, бірқатар ірі жобаларға қатысқаны және жас инженерлердің тұтас бір буынын тәрбиелегені үшін алғыс білдірді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің атынан құттықтау сөз сөйлеген ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ренат Елшібеков құрылыс ғылымы мен инженерияны дамытудың маңызын атап өтті.
Конференция барысында техникалық реттеу, энергия тиімділігі, компьютерлік модельдеу және құрылыста интеллектуалды жүйелерді қолдану мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай алаңдар ғылымды, білім беру жүйесін және құрылыс тәжірибесін біріктіріп, заманауи инженерлік шешімдер әзірлеуге әрі жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді.