31 мамыр - Қазақстан тарихындағы ең ауыр нәубеттердің бірі болған саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл - жазықсыз жапа шеккен миллиондаған адамның тағдырына тағзым ететін, өткеннің қасіретін ұмытпауға үндейтін күн. Қарағанды өңіріндегі Карлаг тарихы - сол зұлмат жылдардың үнсіз де ызғарлы куәсі.
Өткен ғасырдың 30-40 жылдары қазақ даласы тоталитарлық жүйенің ауыр зардабын тартты. Мыңдаған отандасымыз «халық жауы» деген жалған айыппен сотталып, лагерьлерге айдалды. Солардың ішіндегі ең ірі еңбекпен түзеу лагерлерінің бірі Қазақстан аумағында орналасты. Долинка кенті орталығы болған бұл лагерьде түрлі ұлт өкілдері азап шегіп, талайдың тағдыры тас-талқан болды.
Бүгінде Долинка кентіндегі Карлаг музейі - тарихи жадымызды жаңғыртып тұрған негізгі орталық. Мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарының өмірі, лагерь жүйесінің қатігездігі мен сол кезеңнің шынайы құжаттары сақталған (Karlagmuseum.kz дерегі бойынша). Жыл сайын 31 мамыр қарсаңында музейде еске алу іс-шаралары, гүл қою рәсімдері мен ашық есік күндері ұйымдастырылады.
Қарағандыдағы тағзым орындары тек бұл музеймен шектелмейді. Спасск мемориалдық кешені де - өткенге тағзым ететін маңызды орындардың бірі. Онда түрлі елдерден жер аударылған және лагерьлерде көз жұмған жандарға арнап халықаралық деңгейде ескерткіш белгілер орнатылған.
Тарихшылардың дерегінше, 1927-1953 жылдар аралығында Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңға жуығы ату жазасына кесілген. Қазақ зиялылары, ағартушылар мен қоғам қайраткерлері де осы репрессияның құрбаны болды. Бұл ұлттың рухани және зиялылық әлеуетіне жасалған ауыр соққы еді.
Бүгінгі ұрпақтың басты міндеті - сол нәубет жылдардың ақиқатын ұмытпау, жазықсыз құрбан болғандардың есімін қастерлеу. 31 мамыр - тек еске алу күні ғана емес, ұлттық әділдік пен тарихи сананы сақтау күні.
Автор: Мадина Қалиулла, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің 3-курс студенті