Қарағандылық журналист Президент қолынан мемлекеттік марапат алды

Фото: Life09

.Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан бір топ БАҚ өкілдеріне мемлекеттік наградалар, Президент сыйлықтары мен гранттарын салтанатты түрде табыс етті.
Президент қолынан жоғары марапат алғандардың қатарында қарағандылық әріптесіміз — «Saryarqa aqparat» медиахолдингіне қарасты «LIFE.09» ақпарат агенттігінің бас редакторы Аяжан Мақан бар. Ақпарат саласындағы қажырлы еңбегі үшін Аяжан Ералықызына «Шапағат» медалі табысталды.

.
Аяжан Ералықызы 1995 жылы 16 желтоқсанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Өңірдің бас ордасы — Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Филология факультеті, Журналистика кафедрасының түлегі. Білімін одан әрі тереңдетіп, әлеуметтік ғылымдардың магистрі дәрежесін қорғаған.
Ақпарат айдынында 2015 жылдан бері үзіліссіз еңбек етіп келе жатқан Аяжанның кәсіби жолы «Бірінші Қарағанды» телеарнасынан басталды. Одан кейінгі жылдары ол республикалық «inbusiness.kz» іскерлік порталының өңірдегі тілшісі, «Senim109» бірыңғай үйлестіру орталығының баспасөз хатшысы, сондай-ақ облыстық «Новый Вестник» газетінің тілшісі болып жемісті қызмет атқарды.
2021 жылы «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің жаңалықтар және интернет БАҚ бөлімінде, нақтырақ айтқанда «Saryarqanews.kz» сайтының шығарушы редакторы болды.
2025 жылдан бері  «LIFE.09» ақпарат агенттігінің тізгінін ұстап, бас редактор қызметін абыроймен атқарып келеді. Оның авторлығымен жарық көрген «Топ 7» , «Life айтады» , «Saryarqa сөйледі», «Ne Angime»
, «Где-где, в Караганде?» секілді танымдық және қоғамдық-саяси жобалар көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді.
Аяжан Мақанның әсіресе облыстағы түйткілді әлеуметтік мәселелерді көтеріп, аймақтың туристік әлеуетін таныту бағытындағы жұмыстары кәсіби қауымдастық пен бұқара тарапынан жоғары бағаланып келеді.
Әріптесімізді жоғары мемлекеттік марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, толағай жетістіктер және жаңа белестер тілейміз.