«Заң және тәртіп»: ІІМ қоғамдық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда

Фото: Polisia.kz.

Ішкі істер министрлігінің Заң қызметі және нормашығармашылықты үйлестіру департаменті 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысын шығарды. Негізгі нәтижелер қатарында қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша заң жобаларын сүйемелдеу, бірқатар жүйелі заңдарды қабылдау және халықаралық құқықтық ынтымақтастықты дамыту бар, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

ІІМ Заң қызметі және нормашығармашылықты үйлестіру департаментінің бастығы Ренат Зұлқайыровтың айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында департамент министрліктің барлық негізгі бағыттағы қызметін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етті.

– Департаменттің жұмысы Ішкі істер министрінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты тапсырмаларын іске асыруға бағытталды.

Есепті кезеңде 13 заң жобасы, Президенттің 3 Жарлығы, Үкіметтің 17 қаулысы және ведомстволық деңгейдегі 127 нормативтік құқықтық акт құқықтық сүйемелдеуден өтті.

Ерекше назар «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыруға, мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық заңнаманы жетілдіруге бағытталған бастамаларды құқықтық сүйемелдеуге аударылды, – деді Ренат Зұлқайыров.

Бірінші жартыжылдықтағы негізгі нәтижелердің бірі – бірқатар маңызды әрі жүйелі заңдардың қабылдануы болды. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Рақымшылық туралы» заң қабылданып, оның аясында Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіледі.

Сондай-ақ жол қозғалысы және көлік саласындағы озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң мақұлданды. Бұл заңға сәйкес автомектептердің қызметіне мемлекеттік бақылау қайта енгізіледі.

19 мамырда мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген бұл заң ауылдық учаскелік полиция инспекторларына арнайы атақ беру кезінде қызмет өтілін жеңілдікпен есептеуді, сондай-ақ ведомстволық жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектерге бастапқы «аға лейтенант» арнайы атағын беруді көздейді.

Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің қарауында алты заң жобасы бар. Олардың қатарында «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасы және сотталғандардың заңға бағынушылық мінез-құлқын ынталандыру мақсатында қылмыстық заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған заң жобасы бар.

Нормашығармашылық қызмет аясында департамент 127 нормативтік құқықтық актіні құқықтық сараптамадан өткізіп, келісуден өткізді. Сонымен қатар оларды Президент Әкімшілігінде, Үкімет Аппаратында, Парламентте және өзге де мемлекеттік органдарда құқықтық сүйемелдеуді қамтамасыз етті.

Аталған нормативтік құқықтық актілер Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңын іске асыру және қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді.

Департамент басшысы халықаралық құқықтық ынтымақтастықты құқықтық сүйемелдеу жұмыстарының да жалғасқанын атап өтті. Нәтижесінде Армения, Түрікменстан, Аустрия және Франция үкіметтерімен жасалған келісімдер ратификацияланды.

Қазіргі таңда Парламентте:

  • Қазақстан мен Катар үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау;
  • трансшекаралық киберқылмыстарды тергеуді жеңілдетуге бағытталған Будапешт конвенциясын ратификациялау;
  • сондай-ақ БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы Ханой конвенциясын ратификациялау туралы заң жобалары қаралуда.

Сот-құқықтық талап-арыз жұмысы да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Министрліктің мүддесі бірінші, апелляциялық және кассациялық сот сатыларында қорғалды.

Сот істерін қарау нәтижесінде ІІМ-нің мүліктік және өзге де заңды мүдделерін қорғау шаралары қабылданып, мемлекет кірісіне 1 миллиард 370 миллион теңге дебиторлық берешек өндірілді.

Жыл басынан бері полицияның беделіне нұқсан келтірген қызметкерлерді жұмыстан босату туралы бұйрықтардың күшін жоюды талап еткен 172 талап-арыз ІІМ-ге қарсы берілді. Оның 104-і бойынша талаптар қанағаттандырусыз қалдырылды, қалғандары сот қарауында.

Сот тәжірибесін талдау қорытындысы бойынша еңбек дауларының алдын алуға бағытталған ұсынымдар мен әдістемелік құралдар әзірленді.

Сонымен қатар заң қызметін цифрландыру жалғасуда. Құжат жобаларын электрондық келісу, құқықтық ақпаратты жүйелеу және ішкі құқықтық процестерді автоматтандырудың заманауи тәсілдері енгізіліп жатыр. Бұл құқықтық қорытындыларды әзірлеу мерзімін қысқартып, жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Екінші жартыжылдыққа Ішкі істер министрі ішкі істер органдары қызметі саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, нормативтік құқықтық актілер жобаларының құқықтық сараптамасының сапасын арттыру, сот-құқықтық талап-арыз жұмысын күшейту және аумақтық бөлімшелерге практикалық әрі әдістемелік көмек көрсету міндеттерін жүктеді.