Осакаров ауданында күрделі жөндеуден кейін Сарыбел станциясының теміржол вокзалы пайдалануға берілді. 1965 жылы салынған ғимарат толықтай жаңартылып, заманауи, жайлы әрі жолаушылардың барлық санаты үшін қолжетімді нысанға айналды.

Қайта жаңғырту жұмыстары вокзал кешенінің барлық дерлік бөлігін қамтыды. Енді мұнда ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін кедергісіз орта жасалған, ана мен бала бөлмесі жабдықталған, жолаушылар перроны, санитарлық тораптар мен қызметтік кабинеттер жаңартылған.

Сонымен қатар шатыр, сумен жабдықтау, кәріз, жылумен жабдықтау және электрмен жабдықтау желілері ауыстырылып, ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелері жөнделді. Вокзал маңы абаттандырылып, ғимарат жаңа жиһазбен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ – Магистральдық желі дирекциясының Қарағанды бөлімшесі филиалының директоры Марат Ыбыраев станцияны жаңғырту теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі екенін атап өтті.
— Вокзалды жаңғырту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, пойыздарды күтуге қолайлы жағдай жасауға және өңірдің көлік инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Теміржол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Жоба «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды, — деді Марат Ыбыраев.

Сарыбел жүк станциясында 12 кірме жол бар. Сонымен қатар ол жолаушылар тасымалында да маңызды рөл атқарады.

Бұл станция арқылы өңірді Астана, Қарағанды, Семей, Жезқазған, Қызылорда, Қостанай және Павлодар қалаларымен байланыстыратын пойыздар қатынайды.

— Бізде осындай вокзал болады деп тіпті елестеткен жоқпыз. Станция екі ауқымды қайта жаңғыртудан өтті, бүгінде оның жаңарған келбетін көріп отырмыз. Бұл – барлық тұрғын үшін үлкен қуаныш әрі маңызды оқиға, — деді ашылу салтанатында ақсақал Амангелді Нұғыманов.

Жалпы Қарағанды облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында «Қазақстан темір жолы» компаниясы 14 теміржол вокзалы мен платформасын қайта жаңғыртып жатыр.

Жобалар аясында ғимараттар мен платформаларды жөндеу, инженерлік жүйелерді жаңарту, сондай-ақ жолаушылар үшін жайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыру көзделген.
