Биыл көктемде Қарағандыда Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс шағынауданының аралығында аумағы 200 гектар болатын жаңа экосаябақ салынды. Мұнда 4 мыңнан астам ағаш көшеті – емен, алма, қарағай және қарағаш егілді. Көшеттердің басым бөлігі тамыр жайып, өсіп келеді.

Жасыл желекке күтім жасау жұмыстары туралы Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының басшысы Дәулет Маханов айтып берді.

— Экосаябақ аумағында күн сайын арнайы бригада жұмыс істейді. Күнделікті суару жұмыстары ұйымдастырылған, суға арналған 180-нен астам бөшке орнатылды, тамшылатып суару жүйесі жұмыс істеп тұр. Су тасымалдауға Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімдігі қолдау көрсетуде. Қазірдің өзінде бір ұңғыма бұрғыланды, екіншісін бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан кейін мұнда магистральдық су құбыры тартылып, бөшкелерді пайдаланудың қажеті болмайды, — деді Дәулет Маханов.

Мамандардың айтуынша, егілген барлық көшеттің жай-күйі тұрақты бақылауда. Қазіргі уақытта көшеттердің шамамен 5%-ы табиғи бейімделу кезеңінен өтіп жатқандықтан, сырт көзге әлсіздеу көрінуі мүмкін. Оларды қалпына келтіру үшін тыңайтқыштар мен дәрумендер беріледі, сондай-ақ топырақ тұрақты түрде қопсытылады.

Экосаябақты көгалдандыру жұмыстары осы күзде жалғасады. Мұнда тағы шамамен 5 мың ағаш көшетін егу жоспарланып отыр.