Қасиетті Қарқаралы жерінде қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған қонақтар мен жергілікті тұрғындар қазақ халқының мақтанышына айналған тұлғаның мерейтойына куә болып, тарихи сәттің сәнін келтірді.
Мерекенің басты алаңына айналған этноауылда 60-тан астам ақшаңқан киіз үй тігіліп, келген қонақтарға ұлттық дәстүрге сай кең дастарқан жайылды. Қазақы қонақжайлықтың үлгісін көрсеткен жиында ұлттық салт-дәстүр мен мәдениет кеңінен насихатталды.
Той аясында ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыстар ұйымдастырылды. Балуандар қазақ күресі мен қол күресінен өзара күш сынасып, ал дәстүрлі садақ атудан мергендер дәлдігі мен шеберлігін паш етті. Спорт шебері Нұрбол Жеңісов мұндай жарыстардың ұлттық мұраны дәріптеудегі маңызы зор екенін атап өтті.
«Жамбы ату – қазақтың ұлттық рухын асқақтататын өнер. Бұл спортта бақ па, әлде бап па – оны дөп басып айту қиын. Жеңіске жетелейтін де – тынымсыз еңбек, табандылық пен қайсарлық.
Біз жамбы атумен тек жарыс үшін ғана емес, қазақ халқының бай тарихын, ұлттық құндылықтарын және ата-бабадан мирас болған жауынгерлік өнерді насихаттау мақсатында айналысамыз. Әрбір тартылған садақ оғы – өткенге тағзым, бүгінге өнеге, келешек ұрпаққа аманат.
Жамбы ату – жай ғана спорт емес, ол халқымыздың рухын, дәстүрін және мәдениетін ұлықтайтын асыл мұра»,- дейді Нұрбол Жеңісов.
Мерекелік бағдарламаның ең қызықты сәттерінің бірі – ұлттық ат спорты болды. Жаңанегіз атшабарында құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйге ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген жүйрік тұлпарлар бақ сынады. Жас шабандоздардың шеберлігі мен сәйгүліктердің қарқыны көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан жеңімпаздарға ұйымдастырушылар бес автокөлік табыстады. Құнан және топ бәйгенің жеңімпазы Санжар Өмекей де жарыстың жоғары деңгейде өткенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
«Бұл – менің жетінші көлігім. Бәйге әлемінде жүргеніме бір жыл ғана болса да, әр жарыс маған үлкен тәжірибе мен жігер сыйлады. Бүгін қанжығама тағы екі автокөлік байлап, кезекті жеңісті тойладым. Бұл – еңбектің, табандылықтың және тоқтаусыз ізденістің жемісі. Алда бұдан да үлкен белестер күтіп тұр»,-деді Санжар Өмекей.

Мерейтойдың мәдени бағдарламасы да мазмұнды болды. Қазақ өнерінің танымал әншілері мен өнерпаздары сахна төрінде өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұлттық ән мен күй әуелеген кеште Тоқтар Әубәкіровтің ел тарихындағы орны, оның ерлігі мен еңбегі ерекше дәріптелді.
Салтанатты шараның ең әсерлі тұстарының бірі – халқымыздың дәстүріне сай мерейтой иесіне құрмет көрсету рәсімі болды. Ел ағалары батыр тұлғаның иығына шапан жауып, астына тұлпар мінгізді. Бұл – қазақ елінің өз қаһарманына деген шексіз құрметі мен ыстық ықыласының айқын белгісі.

Қарқаралы төрінде өткен дүбірлі той тек мерейтойлық мереке ғана емес, ұлттық рухты асқақтатып, ел бірлігін нығайтқан тағылымды шараға айналды. Қазақтың атын ғарышқа танытқан Тоқтар Әубәкіровке көрсетілген құрмет – бүкіл халықтың ортақ ықыласы мен мақтанышының көрінісі болды
Автор: Ақсая Жалғас