Ақтауда 13 жастағы бала қайтыс болды: дәрігерлер бірнеше рет ауруханаға жатқызудан бас тартқан

Фото: ЖИ ChatGPT

Ақтауда 13 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды.

Баланың анасының айтуынша, ұлы 17 қаңтарда іші ауырған соң жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Алайда үш сағат бақылауда болғаннан кейін үйіне жіберілген. Кейін отбасы бірнеше рет медициналық көмекке жүгінгенімен, жасөспірімге нақты диагноз қойылмаған.

Жағдайы нашарлаған кезде ғана ауруханаға жатқызылып, ота жасалған. Кейін санитарлық авиациямен Алматыға жеткізілгенімен, дәрігерлер баланың өмірін сақтап қала алмады.

Оқиғадан кейін жүргізілген тексеру барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталып, облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды. Медициналық көмек көрсетпеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір іс сотқа жолданған.

Дереккөз: Stan.kz