Әлеуметтік желілерде Қазақстан азаматтарының банктік депозиттер бойынша төленетін сыйақыға 5% салық енгізі туралы ұсыныс пайда болды деген ақпарат тарап жатыр

Сурет: JAQortcomkz

Әлеуметтік желілерде Қазақстан азаматтарының банктік депозиттері бойынша төленетін сыйақыға 5% салық енгізу туралы ұсыныс пайда болды деген ақпарат тарап жатыр.

Жарияланымдарда сөз депозиттің негізгі сомасы туралы емес, банк есептейтін сыйақы, яғни пайыздық табысқа салық салу жайында екені айтылған.

Алайда бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жеке тұлғалардың банктердегі салымдары (депозиттері) бойынша алатын сыйақыларына жеке табыс салығы салынбайды.

Сонымен қатар, аталған норманың күшін жою немесе депозиттер бойынша төленетін сыйақыға салық енгізу мәселесін Қазақстан Республикасының Үкіметі қарастырып отырған жоқ.

Демек, елімізде банктік салымдар бойынша төленетін пайыздарға 5% салық енгізу ұсынылды деген мәлімдемелердің ешқандай негізі жоқ.

Мұндай хабарламаларда бастаманың нақты авторы, ресми құжаттың атауы, күні немесе ұсыныс айтылған ресми алаң көрсетілмейді. Бұл – жалған әрі манипуляциялық ақпаратқа тән негізгі белгілердің бірі.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды салықтар, әлеуметтік төлемдер және басқа да маңызды өзгерістерге қатысты ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға және әлеуметтік желілерде тараған тексерілмеген мәліметтерге сенбеуге шақырады.