Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында құрылыс пен жол сапасына қатаң бақылау орнатуды тапсырды. Мемлекет басшысы аймақтарды дамыту мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен жолдар қарқынды салынып жатыр. Алайда құрылыстың ауқымымен қатар оның сапасы мен уақытылы аяқталуына да мән беру қажет.
Мәселен Қарағанды облысында биыл шамамен 500 шақырымнан астам жергілікті маңыздағы және 200 шақырымнан астам автомобиль жолы жөнделді. Сондай-ақ төрт көпір мен бір жол өткелі жаңғыртылды. Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстардың көлемі ауқымды. Кестені сақтау және барлық кезеңде сапаны бақылау қажет. Нысандарды пайдалануға беру тек «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» берген оң қорытындыдан кейін жүзеге асырылуы тиіс.
«Біз жол сапасын тексеруді кезең-кезеңімен жүргіземіз. Жол салу маусымы басталғанға дейін әр құрылыс учаскесінің жобалық-сметалық құжатын, содан кейін қолданылатын материалдардың нормативтік талапқа сай екендігін тексереміз. Асфальт-бетон, қиыршық тас, өзге де материалдардың барлығынан сынама алып, зертханалық тексеруден өткіземіз. Жол салынып біткен соң да өлшеу жұмыстары жүргізіледі. Көлемін, асфальт-бетонның тығыздығын, түзулігін тексереміз. Егер ақаулар табылса мердігерге, құрылысқа тапсырыс берушіге хаттама жолдаймыз. Биыл жергілікті маңыздағы 500 шақырымнан астам жолдың 102 учаскесі тексерілді. Ал республикалық маңыздағы 200 шақырымнан астам жолдың 12 учаскесі тексерілді. Барлығы 1400-ден астам сынама алынды. Соның ішінде 8 пайызы, яғни 260 сынама нормативтік талаптарға сай емес»,-деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Қарағанды облыстық филиалының сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің басшысы Олжас Сыздықов.
Орталық маманының айтуынша сапасы сын көтермеген құрылыстарға жауапты мердігерлерге, тапсырыс берушілерге хаттама жолданады. Ақаулар уақытылы жойылмаса, барлық материалдар ГАСК мекемесіне жолданып, олар өз құзіреті негізінде айыппұл салу, немесе мердігер ұйымның лицензиясын тартып алу мәселесін қарастырады.
Жолдың жауы-ауыр жүк көліктері. Жұмысты жобалауда жіберілген кемшіліктер, мердігерлердің арзанқол, сапасыз құрылыс материалын пайдалануы өз алдына, қазіргі таңда күн тәртібінде өткір тұрған тағы бір шетін мәселе осы. Жаңадан салынған немесе жөнделген жолдармен аяусыз таптап, біткен шаруаны рәсуа қылатын 40 тонналық зіл батпан жүк көліктері ие бермей тұр. Бұл орайда «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің мамандары мен облыстық көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп жыл он екі ай рейдтерге шығып, облыстық, республикалық жолдардың бойында бақылау жүргізді. Анықталған фактілер бойынша құзырлы органдарға хаттама жіберіледі.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ҚОФ баспасөз қызметі
ЖОЛ САПАСЫ БАҚЫЛАУДА
Сурет: «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ҚОФ баспасөз қызметі