«Әділет» партиясының жастар қанаты Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық road-эстафетасын қорытындылады. 13-16 қазан аралығында белсенділер Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын жүріп өтіп, шамамен 1 800 шақырым аумақты тазалады. Төрт күнде 150 тоннадан астам қоқыс жинады.
Бұл эстафета Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Оның мақсаты – аумақтарды қоқыстан тазартумен қатар, табиғатқа және қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.
Шығыс Қазақстан облысында эстафетаға қосылған Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр осындай игі істің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай акциялар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және тарихи ескерткіштерді сақтау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
«Табиғатты қорғау тек мемлекеттік органдардың немесе коммуналдық қызметтердің міндеті емес, бұл – баршамызға ортақ іс. Сондықтан экологиялық мәдениет қалыптастыру ісін жастардан бастап, оған қоғамның барлық мүшесін жұмылдыру маңызды. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында да табиғатқа жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің тазалығын сақтау мәселелері қамтылды. Мұндай бастамалар осы қағидаттарды күнделікті өмірде жүзеге асыруға жол ашады», – деді Ерлан Сайыр.
Road-эстафета тек қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарда да жастарды біріктіргені туралы «Әділет» партиясының жастар қанатының өкілдері айтып берді.
«Біздің мақсатымыз – жол бойындағы қоқысты тазалау ғана емес, қоғамда табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Осы жолы төрт өңірдің жастары бір мақсатқа жұмылып, шамамен 1 800 шақырым жол бойын тазалады және 150 тоннадан астам қоқыс жинады. Осындай игі іс әр азаматтың туған жеріне деген жауапкершілігін нақты іс арқылы көрсетуге мүмкіндік береді», - деді «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов.
Аумақтарды тазалаумен қатар, эстафета аясында ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, «Әділет» партиясының өкілдері алдағы жұмыста ескеру үшін олардың ұсыныстары мен өтініштерін жинады. Сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Чемпиондық рух» жобасы аясында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қатысушылар тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға да ерекше көңіл бөлді. Олар «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында Абай облысындағы Жидебай қорығының аумағы тазалап, Павлодар облысындағы Кемпіртас жартасын және Шығыс Қазақстандағы ежелгі Ақбауыр кешенін сақтау мен қорғауға шақырды.
Айта кетейік, экологиялық күн тәртібі «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі саналады. Бұл бағыттағы жұмыс тек тазалық пен абаттандыру мәселелерін ғана емес, табиғи және тарихи нысандарды сақтауды, сондай-ақ жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруды да қамтиды.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram-арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy



