Саран қаласындағы Tengri Tyres шина зауытында ел экономикасын нығайту, отандық өндірісті өркендету және өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды. Кәсіпорынға Құрылтай депутаттары Айсұлу Сүлейменова мен Александр Данилов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Виталий Тварионас, Увайс Джанаев және Виталий Хмелевский, сондай-ақ Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев барды.
Бүгінде Tengri Tyres – Қарағанды облысының өнеркәсіп саласындағы ірі кәсіпорындарының бірі. Мұнда өңірдің жүздеген тұрғыны еңбек етеді. Зауыттың тыныс-тіршілігі мен өндірістік әлеуеті отандық кәсіпорындардың ел экономикасын нығайтудағы орнын айқын аңғартады.

Кездесу барысында еңбек ұжымымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттар талқыланды. Экономиканың нақты секторын дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіп құрылымын әртараптандыру және өндіріс орындарын технологиялық тұрғыдан жаңғырту мәселелеріне баса назар аударылды.
Президент өз Жолдауында елдің экономикалық қуатын арттыру, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және озық технологияларды кеңінен енгізу егемендікті нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды алғышарттары екенін атап өткен болатын. Сонымен қатар жаңа кәсіпорындар ашу, өндіріс ауқымын кеңейту және тұрақты жұмыс орындарын құру да ел дамуының стратегиялық басымдықтары ретінде белгіленді.

Бұл міндеттер Tengri Tyres секілді отандық өндіріс орындарының қызметімен тікелей байланысты. Сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығару, өндіріс үдерісіне жаңа технологияларды енгізу және кәсіпорындардың мүмкіндігін кеңейту өнеркәсіптің өрісін ұлғайтуға жол ашады. Мұның өзі импортқа тәуелділікті азайтып, қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Құрылтай депутаты Александр Данилов өнеркәсіптің дамуы, ең алдымен, өндіріс орындарында еңбек ететін адамдардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.
– Президент Жолдауы Қазақстанның алдағы даму бағдары мен стратегиялық басымдықтарын айқындайды. Онда экономиканы нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және өнеркәсіпті өркендетуге айрықша мән берілген. Отандық өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек ұжымдарын қолдау – ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін берік негіз. Әрбір кәсіпорынның жетістігі, ең алдымен, онда еңбек ететін адамдардың кәсіби білігіне, жауапкершілігіне және күнделікті маңдай теріне байланысты. Сондықтан өндірістің өркендеуіне қажетті жағдай жасап, әр адамның еңбегі сұранысқа ие болып, лайықты бағалануына мүмкіндік туғызу – ортақ міндетіміз, – деді Александр Данилов.
Жүздесу барысында адами капиталды дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Қатысушылар заманауи өндірістің өркендеуі инвестиция мен озық технологияға ғана емес, білікті мамандарға да тікелей байланысты екенін атап өтті. Өйткені жаңа жабдықты игеріп, өндіріс үдерісін жетілдіру үшін кәсіби шеберлігін ұдайы шыңдап отыратын, жаңашылдыққа бейім кадрлар қажет.

Өнеркәсіптің өркендеуі – мемлекет пен бизнеске ғана емес, тұтас қоғамға ортақ жауапкершілік. Ал өндіріс ұжымдарымен осындай жүздесулер Жолдауда белгіленген міндеттерді талқылап қана қоймай, сала мамандарының пікірін тыңдауға, оларды толғандырған мәселелерді ортаға салып, өзара ашық пікір алмасуға мүмкіндік береді.