Сәтбаев қаласында қоғамдық тәртіпті бұзушылардың барлығы жауапкершілікке тартылады

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев Сәтбаевтағы жағдай жөнінде мәлімдеме жасады. Күдікті ұсталды, сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлады ол. Сондай-ақ қалада қоғамдық тәртіпті бұзушылар анықталуда.

Бұған дейін хабарланғандай, Сәтбаев полициясына бес жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз келіп түскен. Жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды. Жергілікті полиция бөлімінің барлық жеке құрамы мен еріктілер жұмылдырылды. Баланы көп қабатты үйлердің біріндегі пәтерден тауып алып, дәрігерлерге тапсырылды. Осы пәтерде күдікті ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді.

- Аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде, қажетті сараптамалар тағайындалды. Күдіктінің әрекеттері қылмыстық кодекстің екі бабы– «адамды ұрлау», «жас балаларды зорлау» бойынша сараланады, - деді Ерлан Тұрғымбаев ОКҚ алаңында тікелей эфирде. - Орын алған оқиғаға қатысты қала тұрғындары ашу шығарып, наразылық білдірді. Олар оқиға орнына жиналды. Кейбір тұлғалар бұзақылық әрекеттер жасауға, мүлікті қасақана бүлдіруге әрекет жасады.

Сәтбаев қаласында қоғамдық тәртіпті бұзғандарды полиция заңға сәйкес анықтап, жауапкершілікке тартады, деп сендірді министр.

Ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету бойынша қажетті қосымша шаралар қабылдады.

Ерлан Тұрғымбаев тек ресми мәліметтерге сенуге, көрінеу жалған ақпаратты таратуға қатыспауға және арандатуларға жол бермеуге шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, оқиға орнына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек шықты. Сәтбаев қаласындағы жағдай тұрақты, жағдай бақылауда.