Балқашта үй кезегінде тұрған 24 адам пәтер кілтін алды

Из открытых источников

Пәтерлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты екі жаңа үйден берілді, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық порталының тілшісі. Жаңа қоныс иелері арасында көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және қала тұрғындарының басқа да санаттары бар. Баспана жеңілдетілген «Шаңырақ» ипотекалық бағдарламасы арқылы берілді.

– Бұл тұрғын үй элиталық болып саналады. Пәтерлер кең, жарық. Бөлмелердің төбелері биік. Жаңа қоныстанушылар ипотеканы "Шаңырақ" жеңілдетілген бағдарлама бойынша ресімдеді. Олар пәтерлерді шаршы метрі үшін 140 мың теңгеден сатып алады. Бұл өте тартымды баға, нарықтық бағадан арзан, – дейді Балқаш қаласының ТКШ бөлімінің басшысы Искандер Қабидолла.

Балқашта баспана кезегіне барлығы 1954 адам тұр. Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен шамамен 18 мың шаршы метрді іске қосу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін кезекте тұрғандарға тағы 33 пәтер беріледі.