Балқашта жылу желілерін қалпына келтіру жұмыстары басталды

Балқаш қаласында 60 жылдардың бас кезінде пайдалануға берілген жылу желілері әбден тозған.  Сондықтан да, қазір аталмыш желілерді қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Құбырлар әбден тозғандықтан тұрғындар тарапынан жиі шағым түседі. Мәселен, өткен жылу маусымында үш жүзге жуық шағым түсіпті. Апаттардың жиі болуы салдарынан тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындаған. Әрі шығын көлемі де өскен. Бұл мәселе ұзақ уақыттан бері жыр болып келген еді. Оның оңтайлы шешімі биыл ғана табылып, бюджеттен қажетті соманы бөлу туралы шешім қабылданған. Қажет қаражат республикалық қазынадан бөлінеді. 

Қазіргі таңда мердігер компания анықталып, Желтоқсан көшесінің Әлімжанов пен Әбуғалиев көшелерінің қиылысындағы учаскедегі М2 магистральдық құбырының бір бөлігін ауыстыру жұмыстарына кіріскен. Құбырды диаметрі 630 миллиметрден 720 миллиметрге дейін ұлғайта отырып ауыстыру көзделеді.

– Қайта құруды бастау үшін учаске кездейсоқ таңдалған жоқ. Дәл осы жерде келесі жылы қала жағалауын абаттандыру бойынша қала үшін маңызды жобаны іске асыруды бастау жоспарлануда. Бұл жоба бұрын қала тұрғындарына таныстырылған болатын және қазір ашық дереккөздерде қолжетімді, –деп хабарлады Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков.