Қарағандыда Covid-19-дың жаңа штамымен балалар ауырып жатыр

SaryarqaNews

Елімізде коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты Life09 ақпараттық порталының тілшісі Қарағандыдағы №5 емхананың эпидемиолог-дәрігері Тілеужан Танауовамен сұқбаттасып қайтты.

–Тілеужан Медетқызы, өңірдегі ахуал қалай?! Күніне емханаға коронавирус белгілерімен неше пациент жүгінеді?

–Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қазірге дейін емханамызда КВИ жұқтырған 59 науқас емделіп жатыр. Олардың 4-еуі жүкті әйел, 6-ы бала. Күніне фильтрға 30-ға жуық пациент жүгінеді. Бірақ барлығынан бірдей Covid-19 анықталады деп айта алмаймын. Бірақ өсім байқалады.

–Науқастар санының күрт көбеюіне не себеп болды?

–Өкінішке қарай, қарағандылықтар ревакцинация індеттің алдын алатын жалғыз жол екенін толық түсінбеді. Сол себепті, қазір ұжымдық иммунитет әлсіреп кетті. Науқастардың көбеюінің басты себебі–екпеге немқұрайлық таныту. Денсаулық сақтау министрлігі егер халық қауіпсіздік шараларын ұстанып, ревакцинациядан өтпесе, тамыз бен қыркүйек айларында вирус өршитінін мәлімдеді. Сценарийдің оптимистік яки писсимистік болуы халықтың өз қолында.

–Қазір Қазақстанға омикронның «дельтадан» өзге «стельс» деген жаңа штамы келді. Жаңа мутацияның өзгешелігі неде?!

–Ең алдымен, ол «дельтадан» 9,5 есе жылдам жұғады. Бұл штаммен көбінесе балалар жаппай ауырып жатыр. Бұрын науқастардың мұрындары иіс, ауыздары дәм сезбей қалса, қазір іш өту, құсу сынды жаңа симптомдар пайда болды. Әзірге ересектерде мұндай белгі кездеспеді. Көбінесе балаларда. Ата-аналар бастапқыда бұл белгілерді улану диагнозымен шатастырады.

–Коронавирустың нақты белгілерін атап өтіңізші?!

–Ең алдымен, әлсіздік, жөтел, іш өту, жүрек айну болады, дене қызуы көтеріледі. Егер аталған белгілерді байқасаңыз, бірден дәрігерге жүгініңіз!

–Қарағандылықтарға қандай кеңес бересіз?!

–Бұл вирус қалыпты температурада 20 күнге дейін өмір сүреді. Сіз Covid-19-ды кез келген жерде жұқтыра аласыз. Себебі, ол тек адамның өзінен ғана емес, науқас қолданған заттардан да беріледі. Сондай-ақ, ауырып қалған жағдайда өзіңізге өзіңіз диагноз қойып, антибиотик тағайындап, емделмеңіз! Бұл өміріңізге қауіпті! Сөз соңында, қарағандылық тұрғындарды ревакцинациядан өтіп, ұжымдық иммунит қалыптастыруға шақырамын!

–Сұқбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет!

Сұқбаттасқан Сәния Бақытқызы