Қарағандыда 1000-нан астам ағаш қурап қалған

Кадр из видео

Қарағандыда жылдан жылға автокөліктер көбейіп келеді, оған зауыттардан бөлінетін улы газды қосыңыз. Ластанған ауаны тазартудың тиімді жолы – жасыл желекті арттыру. Жергілікті билік бұл мәселе жолға қойылған дейді. Алайда  Сарыарқа даңғылының бойындағы ағаштардың сыйқына қарап бұл пікірмен келісу қиын. 2021 жылы отырғызылған шыбықтар қурап, солып тұр, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық порталының тілшісі. Мәселенің мән-жайын білмекке әкімдікке хабарластық. Бір қызығы, жоғарыда аталған ағаштарға Қазыбек би аудандық әкімшілігі жауапты болып шықты. Абаттандыру және жоспарлау бөлімінің маманы Камила Баканованың айтуынша, жыл сайын мемлекеттік конкурс арқылы жаңа мердігер компаниялар алмасып отырады.

«2021 жылы Сарыарқа даңғылының бойына 1500 түп ағаш отырғызылды. Өкінішке қарай, 70 пайызы тамыр жая алмай қалды. Оған жауапсыз мердігер кінәлі. Оларға қарсы сотқа шағымдандық. Биыл «Жан Дос» мүгедектер қоры қоғамдық бірлестігі конкурсты жеңіп алған. Күзде жауапты мердігер ұйым тамыр алмаған ағаштарды кепілдік бойынша ауыстыруға кіріседі», – деді Камила Баканова.

2022 жылы қала бойынша терек, қарағай, үйеңкі ағаштары отырғызылған. Айта кетейік, көгалдандыру жұмыстарына былтыр қала әкімшілігі қазынасынан 220 млн бөлінсе, ағымдағы жылы 250 млн-ға көбейген. Биыл тек ағаштарды күтіп баптау жұмыстарына деп 50 млн қарастырылды дейді маман.

 

Сәния Бақытқызы