Қанат Мусин: Пәтер бағасының қымбаттауына мемлекет жауапты емес

ашық дереккөз

Әділет министрі Қанат Мусиннің айтуынша, жалдамалы пәтер мен үйдің қымбаттауына мемлекеттің қатысы жоқ. Журналистердің «баспана мәселесіне қатысты ажиотаждың арты көтеріліс болып кетпей ме» деген сұрағына Ведомство басшысы жауап берді.

«Жаппай қарсылық ұйымдастыруға негіз жоқ. Біріншіден, әр нәрсені өз атымен атайықшы. Жалдамалы пәтер құнын көтеріп жатқан мемлекет емес, жекелеген адам. Олар дәл сіздердей Қазақстанда тұратын замандастарыңыз. Сондықтан, алдымен ұғып алайық. Кім үшін көтеріліске шығады? Нені талап етеді? Өзге отандастарының әрекетіне ме? Меніңше, мемлекеттің еш қатысы жоқ», – деді Мусин.

Тұрғын үйді жалға алу үй иесі мен жалға алушы арасындағы азаматтық-құқықтық келісім болып табылады. ҚР Азаматтық кодексінің 556 бабына сәйкес, бір жақтың шешімімен келісімшартты жоюға болады делінген.

«Келісімшартты өзгертуге 4 негіз бар. Ол тізімде жалға алушының бағаға көңілі толмады деген себеп жоқ. Егер екі жақ бір сомаға тұрақтай алмаса оны сот жүзінде шешуге болады. Өз құқығыңды қорғау бойынша сотқа жүгіну керек», – дейді Министр.

Өкінішке қарай, көп тұрғын келісімшартты жазбаша толтырмайды. Бәрін ауызша айта салады. Салдарынан, осындай кезде далада қалып қалады. Алайда, пәтер иесінен зардап шеккен қазақстандықтардың құқығы бұзылса, дәлелді телефондағы жазбалар арқылы да келтіре алады.

«Сотта жеңіп шығуға мүмкіндік бар, әрине. Бірақ барлығы ұсынылған дәлелдерге байланысты. Әр жағдай әр түрлі. Сондықтан, нақты бір кеңес бере алмаймын. Мүмкін, пәтер иесімен қандай да бір сөйлескен әңгіме сақталып қалған шығар немесе куәгер болуы ықтимал», – деп сөзіне анықтама берді Мусин.

Кез келгенжалға беруші аренда құнын көтеруге құқылы. Бірақ, келісімшартта төлемнің қай уақыттан бастап көтерілетінін нұсқап өтуге тиіс.

Еске сала кетейік, Ресейдегі мобилизацияға байланысты көрші елдің біраз азаматы Қазақстанға үдере көшті. Салдарынан, Алматы қаласындағы 1 бөлмелі пәтердің орташа бағасы 400 мыңға бірақ жетті.