Қостанай облысындағы өртке тракторшы кінәлі...

https://tobolinfo.kz/

Естеріңізде болар, былтырғы күзде Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданындғы өрт кесірінен 40 мың гектарға жуық орман алқабы және бірнеше шаруашылықтың жайылымы өртеніп, мемлекетке 18 774 283 323,73 теңге көлемінде шығын келген болатын.

Міне, сол өртке кінәлі адам табылды. Бас прокуратура тексерген бұл іске Әулиекөл соты 2022 жылдың 22 желтоқсанында  өз нүктесін қойды. МТЗ-82 маркалы тракторы бар Александр Репейко атты азамат бір жылға шартты түрде сотталды. Ешқандай да шығынды өтеу, біреуге бір тиын беру жайлы әңгіме жоқ. Солай-ақ болсын. Қарапайым тракторшыда ондай қаражат қайдан болсын.

Тергеу амалдарының нұсқасы бойынша мәселе былай болған. Орман шаруашылығына қарасты мекеменің ағаш дайындаушысы (осы аудармама сенімім жоқ лесозаготовитель) Есмағамбетов Бағаналы ауылындағы  шаруашылық вагонын басқа орынға тіркеп апару үшін 44 жасар  Александр Репейконы келісілген соммаға жалдайды. Әлекеңнің тракторы ескі болған және түтін тұншықтырғышында от шоқтарын өшіріп отыратын құрылғысы болмауы себепті, күш түскен кезде шоқ шашып, бәріміз білетін өртке себепші болған.

Естеріңізге сала кетейік, өрт салдарынан 91 тұрғын үй, 4 шағын бизнес объектісі, 20 автокөлік пен ауылшаруашылық техникасы, 122 ірі қара мал жалын отына шарпылған болатын.

Дереккөз "ТоболИнфо" сайтынан алынды.