Майор қарамағындағы әскери қызды төсекке тартқан

ашық дереккөз

Алматы облысы Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылындағы 54179 әскери бөлімінде жұмыс жасаған әскери қыз NeMolchiKZ қорына көмек сұрап хат жазған, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі. Ол 2019 жылы қызметке шақырылған. Тиянақтылығымен, алғырлығымен көзге түскен Елшібаева А.Б. мінсіз қызметі үшін бірнеше рет марапат алған. Алайда батальон командирінің қысымынан және әріптестерінің немқұрайлығынан уақытынан бұрын жұмыстан шеттетілді.

«Қорған болатын заңы жоқ елде әйелдер барлық жерде қудаланады! Бұл қыз отбасының жалғыз асыраушысы. Әкесі жоқ. Қайтыс болған. Анасы ауырады, мүгедек. Артынан ерген інілері бар. Айғаным әскерден кетіп тіршіліксіз қалған жоқ. Қайта қазақ армиясы мінезді, мықты сарбазынан айырылды. Қазір Яндексте істейді. Менің кейіпкерім мықты, ал әріптесіне көмектесіп, қаскөйге қарсы тұра алмаған офицерлер кімдер?! Сендер өздеріңді ел қорғаны санайсыңдар ма?! Бір қызды қорғай алмағандарға ел тағдырын қалай сеніп тапсырамыз?!» – деп жазды НемолчиКЗ қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі.

1

«Әскери бөлімде қызмет ете бастаған күннен бастап 1-батальон командирі (бұрынғы) Қошанов Е.М. мені төсекке тартқысы келді. Ол отбасылы еркек. Бірақ соған қарамастан құр соңымнан қалмай қойды.  Ұсынысынан бас тартқан соң қысымға ұшырадым. Әріптестерімнің көзінше абыройымды түсіріп, мазақ қылды. Оған бағынышты офицерлер ештеңе байқамағандай кейіп танытты», – деп жазды экс-әскери қыз.

Жәбір көрген қыз әскери бөлім басшылығына «сексуалды бағыттағы қудалауға» қатысты бірнеше мәрте арыз жазған. Алайда өтініші қабылданбаған, еш шара қолданылмапты.  

«Өтініштеріме жауап ретінде маған «сен әдемі қызсың, сенің жеке өміріңе араласпаймыз, мен сенің ағаң емеспін, күйеуің емеспін, қолбасшыларды сен таңдамайсың, сені ешкім әскерге қолыңнан сүйреп апарған жоқ» деп жауап берді», – дейді әділетсіздікке тап болған қыз.

Қудалаудың салдарынан азаматшада жазылмайтын псориаз бен созылмалы  гастрит пайда болған.

«Е.М. Қошанов тиісті жазадан аман-есен құтылды, ол жай ғана басқа әскери бөлімге ауыстырылды. Оның орнына жақын досы, әріптесі Кәріпбеков Е. М. тағайындалды, оған майор Қошанов Е.М. мені жұмыстан шығару міндетін қойды. Кәріпбеков Е.М. мырза тағайындалғаннан кейін менің әскердегі қызметім адам төзгісіз болды. Ол мені келемеждеді, көкөніске теңеді. Әдеттегідей бөлімшенің командасы ештеңе болмағандай кейіп таныта берді», – дейді қыз.

Амалы таусылған қыз Қонаев қаласының Әскери  барлау бөліміне шағымданады. Қыздың арызын толықтай тыңдап шыққан басшылық дәлелсіз мәселе шешілмейтінін айтқан. Айғақ жинау үшін Елшібаева А. әскери бөлімге смартфонмен кірген. Бірақ әрекеті әшкере болған соң сөгіс алған. Артынша аттестациядан өте алмады деген желеумен қызметтен қуылды.

«Бөлімше басшылығы бөлімшеде мен туралы теріс пікір тудыру мақсатында жиналыстар өткізіп, қарамағындағыларды қорқыта бастады, сонымен бірге бөлім заңгері арқылы келіссөздер жүргізуді ұсынды. Әскери Прокуратураға да арыз жаздым. Бірақ іс қозғалыссыз қатып тұр», – деп жазды Елшібаева А.

Әріптестерінен қолдау көрмеген қыздың соңғы үміті – ҚР Қорғаныс министрлігі.