ПРОКУРАТУРА: АЛМАТЫДА ЖАНСЫЗ КҮЙДЕ ТАБЫЛҒАН ӘЙЕЛ МЕН ЕКІ БАЛА КІСІ ҚОЛЫНАН ӨЛГЕН

ашық дереккөз

Жедел басқару орталығына "Мамыр" шағын ауданындағы пәтерлердің бірінен 34 жастағы әйел мен оның 2015 және 2020 жылы туған балаларының денесі табылғаны туралы хабарлама түскен, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі Алматы полициясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«6 тамызда Алматыдағы пәтерлердің бірінде үш тұрғынның мәйіті табылды. Оның ішінде екеуі кәмілеттік жасқа толмаған балалар. Полиция департаменті  «Кісі өлтіру» дерегі бойынша тергеуді бастады», – делінген хабарламада.

Сараптама тағайындалды және куәгерлер мен тұрғындардан жауап алынды.

Қалалық Прокуратура қылмыстық істі жеке бақылауына алды. Осыдан екі күн бұрын желіде Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінде 34 жастағы әйелдің екі баласымен бірге өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда сот-медициналық сараптама нәтижесіне сәйкес, мәйіттерден зорлық-зомбылық белгілері табылған. Дәлірек айтқанда, бөгде адамның қолынан қаза болғаны анықталды. Марқұмдарды іссапардан келген күйеуі тапқан. Көршілері ерлі-зайыптылардың тату-тәтті болғанын айтты.