Сүлік қара мен жүлік қара

https://pixabay.com/ru/

"Жылқының үсті жел, сүті ем", "Ер жігіттің ішіне ер тоқымды ат сияр", "Аттылы ақысын жаяуға жібермес". Халқымызда жылқыға қатысты мақал-мәтел, жылқыны мысалға ала отырып адамға ой салатын нақыл сөз көп. Мұның бәрі біздің аттың жалы, түйенің қомында өскен тұрмыс-тіршілігімізден шыққаны анық. Еркек құлын туса есі кете қуанатын, өзім баптап, өзім бәйгеге қосам деп еліретін ауыл баласының барлығы жылқының кекілін тарап, танауынан иіскеп өсті. Сөйтсек, жылқыны тек біз ғана жақсы көрмейді екенбіз. 

Оқиға Үндістанның Пенжаб қаласында болған. Жылқы десе жанын беретін бір азамат 2,3 млн рупиге сүлік қара айғыр сатып алған.Біздің теңгеге шақсақ бүгінгі бағаммен  12 млн 949 500 теңге (28 000 АҚШ доллары).Кім білсін, айғырды сатып алар алдында да біраз арманға бөленген шығар.  "Будда қаласа мына айғырдың әр құлынын 5000 доллардан сатам,бір жылда шығынын жауып, келесі жылы пайдаға шаш етектен кенелеміз, қатееен", деп әйеліне әңгіме де айтқан шығар жатып алып...

Бірақ, "Қайықшыға жел қарсы" деген бар емес пе? Кейде жеті рет өлшеп бір рет кескеніңмен болмайтын нәрсе болмайды. Арманындағы айғырға қолы жетіп, алып-ұшқан аңғал азаматтың қуанышы көпке бармапты. Үйіне келіп, жылқысын жуындырған кезде қара айғыры кәдімгі торы айғырға айналып шыға келген. Сөйтсе, қара арғымақтың басқа түсті жылқыға қарағанда көтеріңкі бағаға өтетінін зерттеген алаяқтар жылқыны кәдімгі шаш бояйтын бояумен бояп сатқан болып тұр. Сатушылардың тапқырлығына сөз жоқ. Дегенмен, сараңдықтары да өте жоғары деңгейде болғаны  өз басына тоқпақ боп тиюде. Кішкене қымбатырақ бояумен боямай ма, ақымақтар. Бір жуғанда кетіп қалатын бояуды пайдаланған үш алаяқтың үстінен қазір полиция іс қозғаған.