Бала бақсы деген кім?

el.kz

Қазір емші, құшынаштардың, тәуіптердің  көбейіп кеткені баршаға аян. Оларды іздеп алысқа барудың қажеті де жоқ. Үйіңіздің маңайындағы аялдамаға жапсырып кеткен жарнамалардың арасынан, болмаса жергілікті телеарнаның жүгіртпе жолдарынан-ақ бірнешеуін тауып аласыз.Смартфоныңызды шұқылап жатсаңыз да осы емші-құшынаштардың жарнамасына кезігіп қаласыз. Бұлардың алаяғы қайсы, Жаратушыдан келген қасиеті бары қайсы  анықтау қиын.

 Баяғы қазақ даласында аты аңызға айналып, ел ауызына іліккен бақсылар мен емшілер бүгінгідей көп болмаса да ел ішінде кездесіп тұрған.  Біз бүгін «Бала бақсы» жайлы әңгіме шертпекпіз. Бұл кісі жайлы аңыздар Жаңаарқа ауданы аймағында әлі күнге дейін айтылады. Кесенесі мемлекеттің қарауына енбеген. 1990 жылдары Жаңаарқа ауданының азаматтары ол кісінің кесенесін көтеріп, басын жаңартқан болатын. Біздің ауыл Жаңаарқа ауданынан әріректе, 25 шақырым жерде орналасқан. Бала кезімде әжеме еріп ауданға барған кезімде «Алғабас» ауылының тұсынан өтіп бара жатқанымызда «Аллау әкпар (Аллаһу акпар) де» деп бет сипатқаны бартын. «Не үшін? Жаңа ғана ана бейіттерге сипадым ғой. Бұл жерде бейіт жоқ қой» деген бала сұрағыма «Мына ауылда Бақсыекең жатыр. Бала Бақсы деген атақты адам болған. Кейін өскен соң кім екенін өзің-ақ ұғынып аларсың» деген еді. Содан бері «Алғабас» ауылының қырындағы бейіттерге бетімді бір сипасам, сәл жүргеннен соң «Бала бақсы» кесенесінің тұсында бір сипауды әдетке ендірдім.  «Бала бақсы» осы өңірдегі әлі күнге толық зерттелмеген  тұлғалардың бірі болып қалып тұр.  Бұл кісінің азан шақырып қойған есімі Кернебай. Әкесінің есімі Сүтемген. Бір деректерде 1825 жылы туған деп көрсетілсе бір деректерде 1830 жылы туған деп айтылады. Сайдалы Сары Тоқа, Шоң, Құтжан секілді атақты адамдармен тұстас болғандығы жайлы деректер айтылады. Арғынның ішіндегі Қуандықтан тарайтын Аманқұл руынан шыққан. Кесенесі Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Алғабас ауылында. Мекен еткен жері де осы маңай. Бала бақсы кезінде үш жүзге аты мәлім болған тұлға. Қобыз тартқанда зорайып, ерекше күйге түседі деген аңыздарды естіп өстік.  Сонымен, аңыздар не дейді? Құлақ түріп көрсек.

Кернебайдың «Бала бақсы» атануы.

Кернебайдың бойындағы тылсым күші бесікке бөлеген сәттен бастап көрінген екен. Бесікке бөлеген соң, бесік өз-өзінен шайқалып тербелген, киіз үй ішінде шоршып жүрген деседі. Бұны көрген ауыл ақсақалдары кеңес құрып, баланы жұртқа  бесігімен тастап, өздері басқа жаққа көшіп кетеді.Бір түн, бір күндік жерге көшіп барып, енді үйлерін тікелі жатса, өздері ескі жұртқа тастап кеткен бесіктегі бөлеулі бала бесігімен қоса қастарына келіп алған екен. Ауыл адамдары бұл кереметтен шошып, қолдарына бақан алып, баланы өлтірмекші болып бесікке тұра ұмтылады.  «Іштен шыққан шұбар жыланын» өлімге қимаған анасы шыр-пыр болып, бесікті қалқалап, үстіне жата кеткен екен. Содан, баланы әке-шешесімен тастап туған-туыстар тағы да басқа жұртқа көшіп кетеді. Шамалы уақыттан соң-ақ баланың тылсым күші сезіле бастайды. Кернебайдың әке-шешесі ауру-сырқау дегенді ұмытыпты. Емдеріне шипа іздеген ауру-сырқаулар баланың септігі тиеді ме екен деп іздеп келе бастаған екен.  Келген жұрттар ауруынан сауығып кетеді екен. Осыдан кейін Кернебайға «Бала бақсы» атауы таңылған екен.

Бала бақсы жайлы көзкөргендердің айтқан әңгімесін немесе жазбасын жиыстырып, тұлға ретінде көп жылдар зерттеген жаңаарқалық қаламгер Төлеухан Ілиясұлының «Жаңаарқа нақыштары» атты кітабын(Арко баспасы, 2004 жыл)  шолар болсақ бірнеше аңыздарды алға тартады.

БІРІНШІ АҢЫЗ. Бақсы өзінің құрдасы Қанболатты «үнемі сен ойланып жүресің, тегін адам емессің» деп онымен «Ойекем!» деп сөйлеседі екен. Бір жылы ел қыстауда. Ол уақыттың адамдары қазіргідей соғым басына қонаққа шақырмайды, түстеніп ет жегісі келгендер, әр нәрсені сылтауратып «бір омыртқа сыбағамызды жеуге келдік», деп алыс-жақын ағайындарға сәлем бере шығып, ел аралап түстеніп қайтады. Сол жылы қыс қатты болады. Қардың мол түскендігінен, қой малы жылдағыдай ойпатты жерде жайыла алмай, тек қыраттау жерде ғана жайылады. Ол уақытта екінің бірі шөп шауып, қора салмайды. Ұсақ малдарын қыстай ықтасын жерден, жылқының тебініне бағады екен. Бірде, Бақсы мен Қанболат жақын бір ағайынның ауылына түстене келеді. Түстік кезінде, бай жағдай сұрасқанда, шынын айтып, ұсақ малының қардың қалындығынан қырылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтып шағымданады. Бір мая шөбінің күзде тасылмай қыстаудан жиырма шақырымдай жерде қалың қардың астында қалғанын, оны жеткізуғе қолдарының қысқалығын айтып, жұттан қалай құтылудың жөнін сұрайды. Бақсы: — Алла бір мәнісін берер аға, оны тым уайымдай бермеңіз, — деп күледі де қояды. Ет желініп, қол жуылды. Қонақтар бой жазуға сыртқа шықты. Кенеттен Бақсы, үй иесіне: «Ал аға, сіз бізді жақсылап күттіңіз, енді біздер даладағы шаруаны шаруалайық, бірге жүріңіз» деп үй иесін сыртқа ерте шығады. Бұлар сыртқа шыға бергенде, есік алдында ойнап жүрген балалар үйге қашып, иттер құйрыктарын бауырына басып, қыңсылап, сиырлар мөңіреп, түйе боздап, жылқы пысқырынып, балалар шуылдап, ауыл арасы азан-қазан болады. Бұрын-соңды аспанда ұшқан құстан басқа ештемені көрмеген ел, көкте қалықтап, ауыл маңын айналып жүрген бір мая шөпті көргенде, қорыққандарынан жағаларын ұстап: — «Астапыралла! Мынасы несі?» - деп, өз бастарын жан-жаққа алып қашады. Сасатын Бақсы ма: — Ақсақал, манағы шөбіңізді қай жерге қондырып берейін? — десе, ауызын ашуға шамасы келмеген бай, есік алдындағы қырды тек қолымен ымдап көрсетуге ғана мұршасы келіп, өзі қорыққанынан қар үстіне құлап түседі. Сөйтсе, байдың тілі байланып қалыпты. Бақсы бір мая шөпті бір қыраттау жерге қондырады да, ескі досы екеуі өз жөнімен кете барады.

ЕКІНШІ АҢЫЗ. Бақсы мен Қанболат жолаушылап келе жатып, бір ауылдың үстінен түседі. Қырдан аса бергенде, Қанболаттың қасындағы Бақсы атына қамшы басып, ауылға қарай құйындатып шаба жөнеледі. «Ойпырмай, мынаның тағы да жындары көтеріп кетті ме?» деген Қанболат бақсының құдық басында иін ағашпен екі шелек су әкетіп бара жатқан келіншекке қарай беттегенін байқап, Бақсының соңынан ереді. Оған ақыра ұмтылған Бақсы, су көтерген екіқабат әйелдің екі жауырынынан кезек-кезек тартып өтеді. Келіншектің: «Алла-ай!» деуге ғана шамасы келіп, екпетінен құлап түседі. Ал, Бақсы болса, қамшысымен ауаны кезек сермеп, біреулермен қамшыласып, боқтап жүріп қыр асып кетеді. Ештеме түсінбеген ел кұдық басына жиналып қалады. Сүт пісірімдей уақыт өткенде ғана әбден шаршап, ентігіп, тұла бойын тер басқан Бақсы да жетеді. — Бақсы-еке, мұныңыз не? — деген жұртқа, болған жағдайды былай түсіндіріп: "Әлгі сайтан бұдан былай мына келіншектің маңына енді жолай қоймас. Өзі де біраз таяқ жеді" — дейді. Терін сүртіп болып: «Мен бір қырдан асып түсе бергенде, мойынағаш көтерген келіншеқтен басқа жан көзіме түспеді. Өзі екіқабат екен. Оның екі бүйірінен кезеккезек теуіп бара жаткан екі сайтанды көргеннен-ақ, мен келіншектің соңынан шаба жөнелдім. Әлгі келіншекке байқаулы болыңдар. Біз кеткенше жақсылык болып қалар», дейді Бақсы ауыл адамдарына. Осыны айтып тұрғанда, бір бала «сүйінші» сұрап келеді. Кейіннен келіншектің сол жолы қатты толғатып келе жатқанын, екі бүйірінен кезек шаншып, дем ала алмай, албасты басқандай қиналып келе жатқанын естіген жұрт жағасын ұстайды. Келіншек Бақсының қамшысы тигеннен-ақ бойының жеңілдеп, өзінің маужырап рақат ұйкыға кеткенін айтады.