Демалыс күндері кино көрем десеңіз...

https://cs11.pikabu.ru/

Сонымен, бірінші ұсынатын фильмім «Соник кинода». Тоқсаныншы жылдардың балалары жақсы білетін «СЕГА» приставкасының ойын кейіпкері Соник жайлы фильм. Бұл ойынды ойнамаған балалар да жылы қабылдайтын фильм. Бұл фильмнің біздің буынның көңіліне қона кетуінің тағы бір себебі әйгілі Джимм Керридің басты кейіпкердің бірін сомдауы. Фильм туған жерді сүю, туған-туысыңды, достарыңды қиыншылықта тастамау сынды қасиеттерге баулиды.

Екінші ұсынатын фильмім үнді фильмі. Үнділер күніне бір кино шығарады деген түсінік қалыптасқан көбімізде. Шын мәнінде Болливуд киноларының көбі «дікіш-дікіш» музыка, «быдш-быдш» төбелес кезеңінен өтіп кеткен. «Режиссер Нитеш  Тиваридің «Дангал» атты бұл фильмін спортпен айналысатын әр бала, баласы спортпен айналысатын әр ата-ана, сондай-ақ, әр жаттықтырушы көрсін»,- деген қаулы шығаруға болатын туынды. Басты рөлдің бірін Аамир Хан атты тамаша актер сомдайды. Егер, сіздің кино әлемінен ептеген хабарыңыз болса Аамир Ханның Болливуд дәрежесінен өсіп, әлемдік кино саласында өз орны бар актер, режиссер екенін білесіз.

Хош, фильм Амир Хан сомдайтын әкенің (Махавир Сингх Пхогат) екі қызының спорттағы жолы жайлы. Махавир жас кезінде өзі де күреспен айналысады. Штат деңгейіндегі жарыстарда жүлделі де болады. Мемлекеттің, биліктің спортқа жеткілікті көңіл бөлмеуіне байланысты күйбең тірлік қамымен күнкөрісін басқа саладан тапқан. Бірақ, өзі жетпеген биікке ұлым жетсе екен, елімнің байрағын биіктерден желбіретсе екен деген арманмен кетеді. Бірақ, менің ауылдағы Жәнтөре әкем айтпақшы «Шебер Құдай» оның маңдайына ұл сүюді жазбапты. Бес қыздың әкесіне үлкен екі қызының ұлдармен төбелесіп келуі қатты әсер етіп, екі қызын күреске өзі баулиды. Үндістанда қыздар күресі дамымағандықтан қыздарының жарыстарға қатысудағы қиындығы, ұл балалармен күрескені, айта берсеңіз қызықты оқиға жетеді бұл фильмде. 2016 жылы шыққан бұл фильмнің ұзақтығы 161 минут. Бірақ, сіз бұл филмнің қанша уақытқа созылғанын сезбей де қаласыз. Себебі, жоғарыда айтып кеткеніміздей бұл жерде артық ән мен күй мүлдем жоқ. Осы уақыт аралығында  экраныңызға жігіт пен қыз атып шығып, талтаңдап билемейтініне мен кепіл. Міндетті түрде көріңіз. Айтпақшы, бұл фильм ойдан шығарылмаған. Фильм соңында өмірдегі прототиптерін де көрсетеді.

Үшінші фильм вестерн жанрынан болсын. Әркімнің таңдауы әр түрлі екенін ескере отырып әдейі түрлі жанрдан ұсынып отырмын. Ұзақтығы 2 сағат 14 минуттық, 2017 жылы шыққан "Недруги" деп аталатын  фильм.  Бұл кинода қарсыласы кірпігін қағып үлгергенше тапаншасын суырып алып жанын жаһаннамға жіберетін кейіпкер жоқ. Кино оқиғасы бірден басталғанымен жәй өрбиді. Бірақ, «мына кино қашан бітер екен»,- деген ой тудыра қоймайтын туынды.  Шығарма 1890-жылдардың оқиғасын баяндайды.  Яғни, сол замандағы жергілікті үндістер мен басқыншы Америка оқиғасы. Кинода бір жақты қаралау не ақтау да жоқ. Әр тараптың адамдарының ішкі сезімдерін тамаша ойната білген. Кейіпкерлер көп сөйлмесе де табиғат көріністерімен, музыкамен кімнің не дегісі келгенін дөп басады. Кино болған соң ол жерде еркек те әйел де болады. Бірақ, бұл кинодан кереметтей махаббат оқиғасын да көрмейсіз.Көрсетпесе де сездіре алатын дүние. Бір кейіпкер екінші біреуіне "Мен түрлі жастағы қаншама адамды өлтірдім. Күнделікті жұмысың осы болған соң етің үйреніп кетеді екен. Бірақ, адам өзінің ет жақынын жоғалтуға еш уақытта үйренісе алмайды" дейді. Бір қарасаң еш пәлсапа жоқ сөз. Алайда, дәл қазір өлімге етіміз де көзіміз де үйреніп кеткені рас қой. Күніне 4-5 соғылып жатқан машина көреміз. Жаңалықтардан көп еститініміз де осы сарында дүниелер. Біздің бала кезімізде кісі өлімі аз секілді еді. Қазір күніне бір танысыңның не жұмыстасыңның туысыны қайтыс болғанын естисің. Енжар қалыппен бет сипаған боламыз...Карантин кезінде көруге болатын екі фильм бар болатын болса біреуі осы.

Төртінші фильм «1+1» деп аталатын тамаша фильм. Омар Си атты тамаша актер ойнайтын фильм. Мен Омарды осы фильм арқылы танып, іздеп жүріп 3-4 фильмін көргенім бар еді. «Менің атым Қожа» фильмінде  «Екі жарты бір бүтін болайық қымбатты Миләтжан» дейтін диалог бар еді ғой. Сол сөз қағысты сәл түрлендірсек. Мүгедек милиардер мен он екі мүшесі сау, жұмыс таба алмай жүрген, кедей ортада өскен жігіттің тандемі. Екеуі екі әлемнің адамы. Бірінің өмірі екіншісіне таңсық. Екіншісінің өмірі біріншіге тым тұрпайы әрі жабайы көрінуі мүмкін. Бірақ, фильмнің айтар тәмсілі екі кейіпкердің де бір-бірінен үйренері көп екенін, қоғамда түрлі адамдар мен көзқарастар бар екенін айту. Көріңіз, өкінбейсіз.

Бесінші фильм Қарағұсова апамызша айтсам «Бұл біздікі,өзіміздікі». Режиссер Рашид Сүлейменовтың «Айна» фильмі. Денис Теннің қайғылы өлімі әлі естеріңізде шығар? Фильм қымбат көліктің айнасын ұрлап, күнін көретінбұзақы топ жайлы. Фильм өте шынайы түсірілген. Басты кейіпкерлер де өз рөлдерін жақсы алып шыққан. Ауылдан арман қуып келген жастардың айна ұрлау себебі мен салдарын ашық көрсететін бұл шығарма  «Қылмысымды ешкім әшкерелей қоймас» деп ойлайтын көп жастарға ой салады.