Коньки тарихы және коньки таңдау

https://pixabay.com/ru/

 

Коньки тарихы сонау ықылым заманнан бастау алады. Бәлкім, адам алғаш екі аяғымен жүруді үйренгеннен кейінгі келесі жылы пайда болған болар... Дегенмен, археологиялық қазба жұмыстары мен әдеби шығармалар нақты қай ғасырлардан бастау алғанынан хабар береді. Коньки қалдықтары Нидерланды, Дания, Германия, Швейцария, Англия, Норвегия, Швеция, Ресей жерлерінен табылған екен. ХVII ғасырда коньки Нидерланды елінде қолданысқа енген.

XIX ғасырда Америкада темірден жасалған коньки танымал бола бастайды. XX ғасырдың екінші жартысында шорт-трек  спорт түрі пайда болып, 1980 жылдан бастап жанданады. Коньки тебуден ең бірінші жарыс 1893 жылы Амстердамда (Нидерланд) өткен. Жалпы, конькидің отаны осы – Нидерланд елі. Өйткені, ХІV ғасырларда осы мекенде  пайда болған конькилер бүгінгі біз пайдаланып жүрген заманауи конькилерге өте ұқсас.

Ерте замандарда ағаштардан ойып немесе аңдардың сүйектерінен қашалып жасалған конькилер мұз басып жатқан жерлермен жүруге өте ыңғайлы еді. Көшпенді жұрт мұз үстінде сырғанап жүріп аң аулаған деседі. Қазақ жазушыларының шығармаларында сирек болса да малдың қабырғасын пима табанына салып, мұз үстінде сырғанаған оқиғалар кездесіп тұрады. Мәселен, Әбу Сәрсенбаевтың 1953 жылы жарияланған «Толқында туғандар» атты романын оқысаңыз болады. Сонымен қатар  қытайлар қыс мезгілінде  бамбук ағашын аяғына киіп сырғанауды білген.

Алдыңғы бір мақаламызда балаларға шаңғы таңдау кезінде не нәрсеге мән беру керектігін жазған болатынбыз. Яғни, бала бойының ұзындығы мен шаңғы ұзындығының айырмашылығы дегендей мәселелерді шолған болатынбыз. Хош, сонымен қыс келді. Сіздің балаңыз шаңғыға қарағанда коньки тебуге құмар делік. Олай болса балаға коньки таңдау кезінде мән беретін тұстарға назар аударайық.

Қоғамда «Мәнерлеп сырғанауға арналған коньки қыз балаларға, хоккейге лайықталған коньки ұл балаларға арналған» дегендей түсінік қалыптасқан. Бірақ, хоккейдегі қыздар командасы аяғына мәнерлеп сырғанау конькиін, мәнерлеп сырғанаушы жігіттер аяғына хоккей конькиін іліп шықпайтынын ескергейсіз.

Шынтуайына келсек мәнерлеп сырғанау конькиі түрлі техникалық әдістер жасау үшін қолайлы болса, хоккейге арналған коньки аса бір техникалық әдістерге мән бермей, мұз үстінде тез әрі жылдам жүріп кету үшін таңдалады.

коньки

Конькиді қалың нәскимен, лажы болса жүн нәскимен таңдаған дұрыс.  Мәселен, балаңыздың аяғының өлшемі 36 болса конькиі 37 болғаны дұрыс. Бұл әсте конькиді қолпылдатып кию керек дегенді білдірмейді. Бұл ыңғайлылық үшін. Егер де сіз балаңыздың аяғына құйып қойғандай шақ коньки алсаңыз баланың аяғы тез шаршап, коньки тебу ләззаты ары кетсе 10 минутқа ғана созылуы мүмкін. Әрі қарай бала аяғы ісініп, ауырсыну басталады.

Баланың аяғына коньки кигізіп бірден мұз үстіне жібере салуға болмайды. Коньки табанына киілетін пластик қындар болады. Сол пластикті конкиге тағып, балаңызды әуелі әрлі-берлі бөлме ішінде конькимен жүруге үйретіп алғаныңыз жөн.

Конькидің бауын байлаған кезде де аса ыждаһаттылықты талап ететін тұстар бар. Бау тым қатты да, тым бос та болмауы керек. Бауды тартып байлаған кезде бау астына саусағыңызды сұғып көріңіз. Ереже бойынша бау астына саусақ симаған дұрыс. Бірақ, бұл коньки бауын тым тартып тастау керек деген сөз емес.

Коньки таңдаған кезде балаңыздың жасына да мән берген дұрыс. Егер, балаңыз 4-5 жас шамасында болса қос жүзді коньки алғаныңыз жөн. Бұл кішкентай баланың мұз үстінде нық тұруына ыңғайлана жасалған.

Балаға көктемде алған киімнің күзде симай қалатынын бәріміз білеміз. Ал, коньки дегеніңіз маусымдық дүние. Әрине, егер де балаңыз кәсіби түрде мәнерлеп сырғанаумен не болмаса хоккеймен айналыспаса. Осыны ескере отырып аяқ өлшемі жылжымалы, бірден 3 өлшемді қамтитын конькилер шыққан. Бұндай конькидің ыңғайлы тұсы тек қалтаға салмақ салмайтынында. Бұл коньки түрі аяққа ыңғайлылық жағынан алдыңғы екі конькиге бақталас бола алмайды.

Хоккейге немесе мәнерлеп сырғанауға арналған конькилердің өзі әуесқой және кәсіби болып екіге бөлінеді. Материалдарына байланысты бағалары да өсе береді. Біздің сіздерге берер аз-кем кеңесіміз осымен тәмам. Мұз үстінде жолыққанша!