Қожалар жайлы аңыз. Жыржас қажы

https://kozhalar.kz/20162659-zhyrzhys-qazhy-turaly-ne-bilemiz

Жыржыс қажы Арпынұлы жайлы аңыз

Жыржыс қажы кім десеңіздер айтайын, қазақ даласында Мәуліт мейрамын ең бірінші тойлатқан адам. 1928 жылы заманының ызғарлана соққан желіне қарамай, төңірегіндегі жұртқа Мәуліт мейрамын атап өткен екен. Бұл кісінің туған жері Баянауыл ауданы, Көкдомбақ елді мекені деп көрсетілген. 1884 жылы дүниеге келген Жыржыс қажы бабамыз 1929 жылы Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ақжар ауылында көз жұмған.

Бұл кісі қажылыққа барған адам. Ауылында мешіт салып, медресе ашып, балаларды хат тануға үйреткен. Ел ішінде «Кәмпеске» деп аталып кеткен саяси індет бұл бабамызды да айналып өтпеген. Баянауыл жақтан милиция келіп, бабаны ит жеккенге айдауға алып кетпек болады. «Жыржыс қажыны мілитсә әкетпекші» деген әңгіме желдей есіп, ауыл маңына 200-300 адам жыналып қалады. Қажы намазын оқып алып,  медресесі мен мешіттін бір айналып шығыпты. Бәйбішесінің есімі Бәтимә екен.  Ол кісі жұртпен қосылып жылап жүрсе керек. «Әй, бәйбіше жылама. Сендер де жыламаңдар. Мен қазір шамалыдан соң қайтып келемін» деген екен. Ел-жұрт аң-таң дейді. "Қайтып келеміні несі. Орыстың уысына түсіп, ит жеккенге кеткеннің қайтып келгені жоқ еді. Қажекең не айтып тұр?", деген оймен қалың ел қала береді.

Содан, он шақты милицияның айдауымен, ауылдың бір жігітінің шығарып салуымен бұл топ  жолға шығады. Ауылдан 3-4 шақырым ұзап шыққан соң Жыржыс қажы әлгі жігітке «Әй, қарағым, сен менімен қатарласа аяңдап отыр. Қазір мен мына аттан құлап түскен кезде жерге құлап, мойыным бір жерім үзіліп кетпесін. Байқастап отыр» дейді. Атаның айтқаны заң. Әлгі жігіт ештеңе түсінбесе де бабамен қатарласа жүріп отырады. Сәл уақыт өткен соң қажекең бір жағына қарай сылқ ете түсіпті. Қатарласып келе жатқан жігіт жерге құлатпай сүйемелдеп қалыпты. Содан, бабаны жерге түзулеп жатқызады ғой. Арттарындағы он шақты милиция «Мына молда өтірік істеп жатыр» деп Жыржыс қажыны шұқылап, аяқпен теуіп біраз әбігерге түсіпті. Содан, өлгеніне әбден көздері жеткен соң ауылға хабар беріп, денесін кигізге орап қайта әкелген екен. Сөйтіп, арулап жерлеп, өзінің медресесінің тұсына жерлеген екен. Бұл да Қожалардың қасиетінің бір белгісі болса керек. Жаназасына көңіл айта келген Мәшһүр Жүсіп «Құдайдың істе дегенін екі етпеген Жыржыс едің, Жыржыстың істе дегенін Құдай да істеді. Аллаһу акпар!» деп бет сипаған екен деген әңгіме ел арасында әлі бар. Жыржыс қажының ұрпағы, химия ғылымдарының докторы, профессор Арыстан Мәуленұлы Ғазалиев бабасының басына белгітас қойған болатын.