Суретші Кәріпбек Күйіков Еуропа Кеңесінде алғаш рет суреттерін ұсынды

Қарағанды облысы әкімдігінің сайтынан

Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінің аясында Қазақстанның сыртқы саясатының антиядролық векторының тұсаукесері өтті.

Еуропа Кеңесі мен ҚР Страсбургтағы Бас консулдығының қамқорлығымен ұйымдастырылған шараға ұйымның қызметкерлері, мүше елдердің елші дәрежесіндегі тұрақты өкілдері, шетелдік дипломаттар, құқық қорғаушылар және сарапшылары қатысты.

Қазақ суретшісі және ядролық қаруға қарсы белсенді активист Кәріпбек Күйіков алғаш рет осы Еуропаның ең көне құқық қорғау ұйымында өз сүреттерін ұсынды.

Оның «ЖЕҢУ» тақырыбындағы экспозициясы негізінен ядролық елдері арасындағы күшейіп келе жатқан текетіреске қарсы тұруға арналды. Сондай-ақ суретші салауатты қоршаған ортаға адам құқықтарын қамтамасыз етуді, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын насихаттауға назар аударды.

– Мен үшін Еуропа Кеңесінде халқымаздың атынан сөз сөйлеу үлкен мәртебе. Мен ядролық полигонға жақын жерде дүниеге келдім, сондықтан мен үшін радиациялық әсердің салдарын әлемге көрсету маңызды. Мүгедек ретінде мен сіздерге, дені сау, толыққанды адамдарға енжар болмай, ядролық апатты болдырмау үшін күш жұмылдыруға шақырамын, – деді Қ. Күйіков.

Бас консул Әнуарбек Ахметов Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысуы, оның бастамалары, ядролық державалар арасындағы текетіреске жол бермеу жөніндегі күш-жігері, сондай-ақ жаһандық қарусыздану және таратпау үдерістеріндегі Қазақстанның рөлін туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Junior Eurovision 2021 байқауының жеңімпазы, ерекше күтімді қажет ететін қазақстандық оқушы Бекнұр Жәнібекұлының қазақ, ағылшын, француз және итальян тілдерінде ән шырқауы шараның маңызды элементі болып табылды. Көрермендер қазақстанның жас әншісінің қайсарлығы мен талантына тәнті болды.

Шетелдік қатысушылар іс-шараны жоғары бағалап, қазақстандық тарапқа алғыстарын білдірді және еліміздің ядролық қарусыздану, қоршаған ортаны қорғау және мүгедектердің құқықтарын ілгерілету саласындағы күш-жігерін қолдады.

Мексика Елшісі Хосе Альфонсо Суарес өз елі Қазақстан, Австрия және Норвегияны ядролық бағдарламаға қарсы халықаралық іс-қимылдағы маңызды одақтастар ретінде қарастыратынын атап өтті.

– Мексика әрқашан Қазақстанның одақтасы болып қала береді, ал мәдениет планетада келісім мен бейбітшілікке қол жеткізудің маңызды құралы болып табылады, – деді елші.