Жаңаарқаға зымыран қалдығы құлады

https://www.facebook.com/profile.php?id=100004622778869

Ұлытау облысына қарасты Жаңаарқа ауданынан әрірек ұзаған соң Бетпақдала басталатыны көбімізге белгілі. Кеңес дәуірінен бастап күні бүгінге дейін түрлі зымыран қалдығы құлап, космонавттар осы сайын далаға қонып жататын.

Бірақ, бүгінгі зымыран жұртты дүрліктірді. Аудан орталығынан 25-30 шақырым жерге, яғни, "Орынбай ауылының тұсына зымыран құлады",- деп жатыр жергілікті тұрғындар. 

Бұл қалдық бүгін "Байқоңыр" ғарыш айлағынан 06:20 уақытында ұшқан жүк таситын  «Прогресс МС-21» зымыранына тиесілі. Зымыран ұшқан сәттен 531 секунд өткен кезде орбитаға шыққан. Жүк тасушы зымыранның жалпы жүгі 2,5 тонна деп көрсетілген. Оның қаншасы азық-түлік, қаншасы жанармай екені белгісіз.

Жаңаарқа аудандық әкімдігі "Бұл жерге түскен бөлшек,ТГК ПРОГРЕСС МС 21 #451 жүк тасымалдаушы ғарыш кемесінің қалдығы. Орынбай елді мекенінен 25 шақырым жерге түскен. Космостық кеменің ұшу күні, уақыты және қалдықтың түсетін орны алдын ала белгіленіп,«РОС КОСМОС» мамандарымен арнайы шұғыл әрекет ету топтары құрылып, күзетке алынған. Құлаған қалдықтар ғарыш кемесінің бірінші сатысы, яғни, тұрғындарға зиянды әсері жоқ. Қазіргі уақытта қалдықты тазалап, алып кету жұмыстары жүргізілуде. Арнаулы техника және мамандар жұмылдырылып, бақылау күшейтілген",-деп ресми мәлімет берді.

Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылдың 27 қазанында да Жаңаарқа даласына гептил толы "Протон" зымыраны құлаған болатын.